Жақында «ПСЖ» командасының шабуылшысы Златан Ибрагимович Швеция ұлттық құрамасында ең көп кездесу өткізген ойыншы ретінде Volvo автокөлігіне ие болды. Ал Швеция әйелдер құрамасында ойнайтын Тереза Сьорган Златаннан 44 кездесу артық өткізсе де мұндай марапатқа қол жеткізбепті. Осыдан кейін барып БАҚ өкілдері ерлер мен әйелдер құрамасы көшбасшыларын салыстыра бастаған көрінеді. Ал бұл туралы Ибрагимович не дейді?
- Тереза Сьорганның бұлай өнер көрсетуі құрметтеуге тұрарлық екені анық. Алайда ерлер мен әйелдер футболын салыстыруға болмайды. Бұл өте күлкілі жағдай. Мен Еуропаға барсам, Роналду және Мессимен салыстыра бастайды. Ал Отаныма келсем әйелмен салыстырады. Жазда швед БАҚ өкілдері сіз мықтысыз ба әлде Лотта Шелин (тағы бір Швеция әйелдер құрамасы ойыншысы) бе? – деп сұрады. Сіздер дұрыс әзілдеп тұрсыздар ма? Мен ұлттық құрама сапында талай рекордтарды бұздым. Мұны салыстыра аларлықтай кім жасай алды. Ендеше мені әйелмен салыстырмаңдар деп жауап бердім – деді футболшы Expressen-ге берген сұхбатында.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Златан Ибрагимович Швециядағы 2013 жылдың ең танымал спортшысы атанған болатын.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: gazeta.ru