- Негізгі бет
- Тұлғалар
- ХОК Головкинге сый...
ХОК Головкинге сый жасады
Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинге спортқа сіңірген еңбегі үшін арнайы сый жасады. Бұл сыйды отандасымызға ХОК төрағасы Томас Бах жолдаған.
Қазақстандық боксшының «вконтакте» желісіндегі ресми парақшасы хабарлағандай, арнайы құрмет белгісінде Олимпиаданың символы саналатын бес сақина мен «Афины 2004» деген жазу бар. Отандасымыз 12 жыл бұрын грек жерінде өткен додада күміс медаль иеленген болатын.
Геннадий Головкинді мамыр айында Монакодағы гран-при кезінде кньязь Альберт II Томас Бахха таныстырған еді. Сол кезде ХОК басшысы спортшының жетістігіне ризашылығын білдіріп, арнайы құрмет белгісін табыстайтынын уәде еткен-ді.
Айта кетейік, қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта WBA, IBF IBO және WBC тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына Геннадий Головкин 10 қыркүйек күні ұлыбританиялық боксшы Келл Брукпен жұдырықтасады. Бүгінде отандасымыз осы жекпе-жекке қызу дайындығын жүргізуде.
О. Сансызбай