Бүгін орта салмақта WBA (Super), WBС (Interim) және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы отандасымыз Геннадий Головкин мен оның егізі Максим Головкин 33 жасқа толды. Дүние есігін бір күнде ашып, бокс мектебінің табалдырығын бірге аттаған егіздердің үлкен ринг төрін бағындырмай тұрып-ақ сөз байласқан уағдалары болған. Бәлкім, шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмас кіл мықтыны бірі жекпе-жекте, бірі ринг сыртында тұрып мысын басуды ертерек сезсе керек-ті.
Егіз Головкиндер 1982 жылдың 8-сәуірінде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Әкесі кәсібі бойынша кенші болса, анасы химиялық лабораторияда көмекшілік қызметте болған. "Әкем – орыс, шешем – кәріс, ал мен – қазақпын" деген Геннадий Головкин кәсіпқой бокстағы ең алғашқы жекпе-жегін 2006 жылы 6 мамырда өткізген. Содан бері шаршы алаңға 32 рет шығып бәрінде де жеңіске жетті. Оның 29-ын нокаутпен аяқтады. Ал Геннадий Головкиннің егіз ағасы (ертерек дүниеге келген) Максим де бокстан құр алақан емес.
Максим Головкин де бокспен шұғылданған. Егіздер бір салмақта өнер көрсеткен. Бірақ, олар өз уәделері бойынша ешқашан шаршы алаңда бір-бірімен жұдырықтаспаған. Егер жарыста жолдары түйісіп жатса, бірі шаршы алаңға шығудан бас тартып отырған. Мұны 2004 жылғы Афины Олимпиадасына іріктеу кезеңінен-ақ байқауға болады. Максим Головкин іріктеуге қатысудан бас тартып, спорттан аз уақытқа қол үзген еді. Бүгінде Максим GGG командасындағы егізінің басты ақылшысы, арқасүйері, әрі тактикалық тұрғыдан дайындайтын бапкері де. Оның жан дүниесін түсініп, көзқарасынан-ақ байқайтын жанашыры. Сонымен қатар, Максим Головкин бокстан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы.
Головкиндерді туған күнімен құттықтап, зор денсаулық, толағай табыс тілейміз. Жеңісті жекпе-жектеріңмен қазақ елін қуанта бер деп тілек білдіреміз.
Cурет: vk.com