Американдық беделді The Ring спорт журналы дәл осы сұраққа жауап іздеп көріпті. Дәлірек айтқанда, басылым өзінің порталында оқырмандары үшін: «Головкинді кім жеңе алмақ?» деген сауал тастаған.
Бұл сауалнамаға 15 мыңнан аса адам қатысқан екен. Нәтижесінде белгілі болғаны – респонденттердің 70 пайызына жуығы орта салмақтағы әлем чемпионы Генаны тек американдық Андре Уорд қана жеңеді деген жауап айтқан. Ал орта салмақтағы әлемдік рейтингтің көшін бастап тұрған аргентиналық Серхио Мартинеске 16,2 пайыз адам сенім білдірген.
Андре Уорд
Британдық боксшы Карл Фроч болса бұл тізімде сегіз пайызға жуық дауыспен үшінші орыннан көрінсе, ал жақын арада қазақстандыққа қарсы рингке шығуы мүмкін американдық Питер Куиллин мен аустралиялық Дэниэл Гил сәйкесінше 4,7 және 1,9 пайыз көрсеткіштерімен төртінші және бесінші орынды иеленді.
Жалпы Геннадий Головкин осы күнге дейін кәсіби рингте 27 жекпе-жек өткізіп, бірде-бір рет жеңіліске ұшырамаған. Оның 24 кездесуін уақытынан бұрын, яғни нокаутпен аяқтады. Естеріңізге салсақ, соңғы кездесуінде ол 30-маусым күні британдық Мэттью Маклинді ауыр нокаутқа түсіріп, өз атағын қорғап қалған еді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: allboxing.ru