Бүгінде қазақ елін әлемге әйгілеп жүрген отандастарымыздың бірі – Геннадий Головкин. Ол кәсіпқой бокстағы хас шебер ғана емес, өз елінің нағыз патриоты да. Қазақстандықтарды жарқын жеңістерімен қуантып қана қоймай, келелі істерімен де ел көңілінен шығуда.
GGG Қазақстанды бір сәт естен шығармаған. Көп сұхбаттарынан кей құйтырқы сұрақтарға бірден «Қазақстанның ғана намысын қорғаймын, өзге әңгіме жоқ» деп жауап бергенін көзіміз көріп, естіп жүрміз. Ал «әкем – орыс, шешем – кәріс, ал мен – қазақпын» деген сөзі бұл ойымызды дәлелдей түседі.
Геннадий Головкин 1982 жылы 8 сәуірде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Кеншілер қаласының солтүстік-шығыс бөлігінде бірнеше ықшамауданнан тұратын Майқұдық деген аймақ бар. GGG осы аймақтың он үшінші ауданында туып-өскен. Оның боксшы болуына дәл осы Майқұдықтың өз ықпалы бар. Боксшы бүгінде өзі өскен өлкеде өз қаржысымен спорт кешенін салдыруда. Кешенде спорт үйірмелері, жаттығу залдары мен өзге де спорттық алаңдар болады. Ресми түрде 2016 жылы ашылады деп жоспарланып отыр.
Қазақстандық боксшы Үлкен Қарқаралы өзені маңынан туристік орталық ашуды да жоспарлауда. Бүгінде бұл істің алғашқы іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары басталып та кетіпті. Мұны жергілікті билік өкілдері мақұлдап отыр.
- Қарқаралының шығысында Үлкен Қарқаралы өзені бар. Қазір сол өзеннің жағалауында жекеменшік туристік орталықтарды салуға рұқсат беріп отырмыз. Мысалға, жерлесіміз Геннадий Головкин жағалауда 400 метрге жуық жерге туристік орталығын салдыруда. Қазір құрылыс жұмыстары басталып кетті, - деді бір сұхбатында Қарқаралы ауданының әкімі Халил Мақсұтов.
Үлкен Қарқаралы жағалауына соғылатын туристік орталықтар бизнес көзі ғана емес, өлкенің табиғатын танытатын басты айшық та болмақ.
Гена 2014 жылы жеке сауда белгісін заңдастырды. Қазірдің өзінде «GGG» өнімдері үлкен сұранысқа ие. Көпшілік мұны боксшының өз атына жасалған жоба ретінде ғана есептемейді. Өйткені, GGG есімі туған жұртымен тікелей байланысты.
Геннадий Астанада өткізген конференциясында алға қойған мақсаттарымен де бөліскен болатын. Отандасымыз келешекте кәсіпқой бокс академиясын ашуды мақсат тұтатынын айтқан. Егер боксшының бұл жоспары жүзеге асып жатса, талай қазақ қаракөздерінің кәсіпқой бокс аренасына жолы ашылары сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, Головкин шаршы алаңда ғана Головкин емес.