Карлос Кайзерді футбол әлеміндегі ең "ұлы" алаяқ деп айтуға толық негіз бар. Аладоппен мүлдем дос болмағанына қарамастан танымал командалар сапында ойнаған. 20 жылдық мансабында Кайзер оннан астам әлемге белгілі клубтармен келісімшартқа отырған екен.
Бразилияда туған әрбір бала футболшы болуды армандайды деседі. Бұл елде футбол дінге айналған. Жұпыны отбасыда өскен Кайзер (жеке куәліктегі аты - Карлос Энрике Рапозо) де кішкентайынан молшылықта өмір сүруді мақсат етеді. Ал бұған жетудің ең төте жолы – футбол болатын. 15 жасында "Ботафого" академиясына түседі. Алайда қабілетімен ерекшеленбеген Кайзер қалай да футболда қалуға, кәсіпқой спортшы болуға тырысады.
Алдымен ол Бразилия футболының ең дарынды түлектерімен достаса бастайды. Атап айтқанда: Ромарио, Рикарду Рошей, Бранкомен жақсы қарым-қатынаста болады. Олар жаңа командамен келісімшартқа отырмас бұрын "дарынды" Кайзерге көз салуды ұсынады. Тым құрығанда бірер ай сынап көруді сұрайды. Келісімшартқа қол қойғаннан соң Кайзер жымысқы жоспарын іске асыра бастайды. Ол жаттықтырушыға әлі бабында емес екенін, сәл уақыт берсе қалпына келетінін сылтауратады. Бірақ дайындалудың орнына Кайзер сауық кештерінен шықпай, қыдырудан қолы тимейді. Өзін "Бразилияның болашақ жұлдызымын" деп таныстырып жүреді.
Бір айға жуық уақыт өткеннен соң ештеңе болмағандай жаттығуға кірісе кетеді. Жоспар бойынша жаттығу кезінде өтірік жарақат алып, бірнеше апта медициналық орталықта ем-дом алады. Кайзер ол кезді былай есіне алады: "Саным қатты ауырып тұр деп емделіп жататынмын. Ол уақытта МРТ-сканер деген болмайтын. Сол себепті бәрі сөзіме сенетін".
"Жарақатына" қарамастан Кайзер өзінің танымалдығын арттыру үшін түрлі қулықтарға барады. Кезекті ойын алдында футболшылардың қонақ үйден шығуына тыйым салынатын. Сол себепті Кайзер қонақ үйдің бірнеше бөлмесін жалға алып, қыздарды шақырады. Футболшылар ешқайда шықпай-ақ сауық кешін жасайды. Осылайша, Кайзер әріптестерінің жақсы қарым-қатынас орнатады.
Кайзерді танитын футболшылар мен жаттықтырушылар оның жолы болмайтын, үнемі жарақат мазалайтын спортшы деп санайтын. Алайда "өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам". Кайзер "Ботафогода" ойнап жүргенде ол уақытта сирек кездесетін ұялы телефонмен шетелдік клубтармен келіссөз жүргізіп жүрген сыңай танытады. Әріптестері ағылшынша білмегендіктен оның сөзіне сенетін. Тек команданың дәрігері ғана күдіктеніп жүреді. Бір күні футболшының жоқтығын пайдаланып телефонын тексерсе ойыншық болып шығады, ал Кайзердің ағылшын деп жүргені ойдан құраған тілі екені жария болады. Осыдан кейін Кайзер командадан қуылады. Дегенмен ол жымысқы жоспарын басқа командаларда ойнау үшін қолданады. Бұдан кейін Кайзер "Фламенго", "Васко Да Гама", "Палмейрасе", "Флуминенсе" секілді Бразилияның танымал командаларымен келісімшартқа отырады.
"Бангу" клубында жүргенде "әлі бабына келмеген" Кайзерді бас бапкер команданың құрамына қосып қояды. Жаттықтырушы Кайзерге алаңға шықпайтынын, тек қосалқы құрамда отыратын айтып көндіреді. Бірақ ойын барысында бас бапкер Кайзерге қыздырына беруін өтінеді. Алаңға шықса өтірігінің ашылып қалатынын түсінген Кайзер дереу түрде бірнәрсе ойлап табуға тырысады. "Бангу" клубының жанкүйерлері команданың ойыншыларын балағаттап жатқанын көрген ол шарбаққа көтеріліп, көрермендерге жауап қайтарады. Әрине, Кайзер бұл қылығы үшін бірден алаңнан қуылады. Ертесі Кайзердің әрекетіне ашуланған клубтың президенті Кастор де Андраде кездесуге шақыртады. Бірақ Кайзер оны қалай алдайтынын ойластырып қойған. "Құдай о дүниелік болған әкемнің орнына сізді берді" деп Андрадені көрсетеді, — "Мен ешқашан әкемді ұры деп айыптауға жол бермеймін. Сол себепті осы қадамға бардым" деп ақталады. Де Андраде бұл сөзден кейін Кайзерге жарты жылдық жаңа келісімшарт ұсынады.
Бірнеше жылдан соң Кайзер Еуропаға бет бұрады. Бразилиялық футболшылар "кәріқұрлыққа" көптеп кетіп жатқанын көрген Кайзер франциялық "Газелек" клубымен келісімшартқа отырады. Бірақ бірінші жаттығуда-ақ кедергіге тап болады. Командаға жаңадан келген футболшының өнерін тамашалауға көп жанкүйерлер жиналады. Кайзердің шеберлігін бағалауға келген жанкүйерлердің көңілін аулау үшін бразилиялық футболшы қитұрқы әрекетке көшеді. Ол допты бірінен соң бірін көрермендер жаққа теуіп, жанкүйерлерді таң-тамаша қылады. Осылайша, Кайзер "Газелектің" сапында бірнеше жыл жүреді.
Қазір Кайзер футболдағы қызықты оқиғаларын еске алып, сұқбат беріп жүр. Алайда оның қай сөзі жалған, қайсы рас екенін айыру қиын. Осылайша, Карлос Кайзер бірде-бір гол соқпаған шабуылшы ретінде тарихта қалды. "Егер мен өз ісіме шын ықыласпен берілгенде, мақсатыма жеткім келгенде бұдан да ары баратын едім" дейді Кайзер.