Әйгілі «қызыл сойқандардың» клубына беріле ойнаған футболшы Райан Гиггз бен миландық «Интердің» көп жылдан бері капитаны болып келген Хавьер Дзанетти маусым соңында спорттық мансаптарына нүкте қоятынын мәлімдеді.
Райан Гиггз қазіргі таңда «Манчестер Юнайтед» командасының уақытша бас бапкері қызметін атқаруда. Клуб жақын уақытта бұл орынға Луи ван Галдың отыратынын хабарлауда. Нидерландылық маманмен келісімшарт мерзімі бірер күнде белгілі болмақ. Ал Гиггз бүгін «Халл Ситиге» қарсы өтетін кездесуге команданы өзі бастап шығады. Және 40 жастағы валийлік футболшы «Олд Траффордтағы» қоштасу ойынын өткізбекші.
Ал Хавьер Дзанеттидің маусым соңында футболмен қоштасатынын осыған дейін «Интер» командасының иегері Эрик Тохир мәлімдеген-ді. Бүгін бұл ақпаратты футболшының өзі де мақұлдады. 19 жасынан бері миландық клубтың намысын қорғап келе жатқан қорғаушы барлығы 856 ойынға шығып, 21 гол соққан екен. «Интермен» алаңда өнер көрсетпегенмен, клубтан кетпейтін болды. Команда басшылығы футболшыға клубтың вице-президенті қызметін ұсынады деген ақпараттар тарауда. Ал футболшының орнын «Манчестер Юнайтедтен» ауысып келетін Неманья Видич баспақшы.
- Маған спорттық мансабымды аяқтайтын кез келген секілді. Футбол маған үлкен қуаныш сыйлады. Сәуір айында алған жарақатымнан кейін, қайта бабыма келмейтінімді сездім. Сондықтан да осындай шешім қабылдауға тура келді, – деді футболшы.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: live-football.ru