Бокстан WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин «The Ring» журналы жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша P4P тәуелсіз рейтингінде көш бастап, әлемнің үздік боксшысы атанды.
Салмақ дәрежесіне тәуелсіз рейтингте әлемнің үздік боксшысы ретінде Геннадий Головкинді 69 071 сауалнамаға қатысушы үздік деп таныған. Бұл дауыс берушілердің 72 %-ын құрап отыр. Нәтижесінде спорт жанкүйерлері таңдауы бойынша отандасымыз әлемдегі теңдессіз былғары қолғап шебері атанып отыр.
«The Ring» рейтингінің екінші сатысына никарагуалық Роман Гонсалес жайғасты. Ол Геннадий Головкиннен 45 566 дауыс аз жинап, сауалнамаға қатысушылардың 24 %-ның таңдауына ие болған. Үштікті филиппиндік танымал боксшы Мэнни Пакьяо түйіндеген. Ол 1 107 дауыс жинап, бар болғаны сауалнамаға қатысушылардың 1 % қолдауына ғана ие болған.
GGG «The Ring» рейтингінде украиналық Владимир Кличко (557 дауыс), ресейлік Сергей Ковалев (440 дауыс), америкалық Андре Уорд (407 дауыс), мексикалық Сауль Альварес (229 дауыс), кубалық Гильермо Ригондо (159 дауыс) және пуэрто-рикалық Мигель Коттоны (114 дауыс) жолда қалдырды. Журнал сауалнама бойынша әлемнің үздік боксшысын анықтау жобасын америкалық Флойд Мейвезер спорттық мансабын аяқтағаннан кейін қолға алған болатын.
Айта кетейік, Геннадий Головкин келесі кездесуін 17 қазан күні Нью-Йоркте өткізеді. Отандасымыздың қарсыласы - орта салмақта IBF жүйесі бойынша әлем чемпионы Давид Лемье. Бұл кездесудің басты жаңалығы – НВО арнасынан PPV («Pay Per View» («төле де, көр» ауд.) форматында көрсетілетіндігі. Ақылы түрде таралатын бокс жекпе-жегіне отандасымыз алғаш рет шыққалы отыр.