8 сәуір - біздің отандасымыз боксшы Геннадий Головкин дүниеге келген күн. АҚШ-қа ат басын бұрған қарағандылық жігіт бүгінде Калифорния штатында тұрады.
Кәсіпқой бокста өз салмағының мықтысы көпшілікті өз болмысымен баурап алғандай әсер қалдырады. Генаның жекпе-жегін көру үшін алыс қияннан ат шалдыратын ағайындар баршылық екен. Олар үшін күш пен мінезін тізгіндеген Генаның өнерін тамашалау бір ғанибет көрінеді.
Гена өз мықтылығына шек келтіріп көрген емес. Оны көп жекпе-жектерден көріп жүрміз. Жылына төрт бокс өтсе, соның төртеуі де ел есінде қалатындай өтеді. Генаны баптап жүрген Абель Санчес қазақ жігітіне тәнті болғанын айтса, батыс басылымдары Генаның бойындағы ұстамдылықты баса назарға алады. Қарап тұрсаңыздар, 31 жастағы жігіттің рингтегі қимыл-қозғалысы, өзін-өзі ұстауы, қарсыластың осал тұсын күтуі, соққы жұмсауға ұрымтал тұсты аңдауы - осының бәрі шеберлік шыңында пісіп-толысудан хабар беретіндей.
Шілде айында Гена кезекті жекпе-жегін өткеруі мүмкін. Бұл жолғы қарсылас Хулио Сесар Чавес болып тұр. Жалпақ жұртқа өзінің тәртіпсіздігімен танылған былғары қолғап шебері оңай шағылатын жаңғақ емес, әрине, алайда, қазіргі таңның өзінде көпшілік басылымдар бұл жолғы қарсыластың Генаға қолайлы екенін жарыса жазуда. Не дегенмен, бокстың орта салмағында Гена кездеспеген мықты делінген үш-төрт боксшы ғана қалды. Бұл мықтылар, өз кезегінде, Генамен ертерек жұдырықтасуға асығары анық. Әйтпесе, қарағандылық жігіт бірнеше жылдан кейін оларға мүлдем қол болмай қалуы мүмкін.
Автор: Әкежан Дәкен
Сурет: pda.total.kz