- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Гарринча – футбол...
Гарринча – футбол тарихындағы ең үздік дриблер
Гарринча! Гарринча! Гарринча!
"Халықтың көз қуанышы" атанған футболшы тірі болса бүгін 89 жасқа толар еді. Жанкүйерлерге толы стадиондарда әсерлі өнер көрсеткен Гарринча әдемі күлкісімен ел есінде қалғанымен, оның артында жоқшылық пен бақытсыздық тұрғанын ешкім білмеді. Тума талант иесі бар болғаны 50 жасында өмірден өтті. Футбол жанкүйері ретінде оның тағдырын жүрек сыздамай еске алу мүмкін емес.
Бұл футболшыны танымайтын жан жоқ шығар. Алайда, оның шын есімі Мануэл (Манэ) Франсиско дос Сантос екенін біреу білсе, біреу білмейді. Футбол тарихында "Ең үздік оң жақ шабуылдаушысы" осы Гарринча. Ол ең өнерлі футболшылардың тізімінде 8-орында. "The Times" газеті жүргізген сауалнама бойынша Әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік футболшылар тізімінде 6-шы орында. Ең әдемі футбол көрсететін, талай мықты спортшыларды дүниеге әкелген Бразилия елінде Гарринча "футбол королі" Пеледен кейін 2- орында.
Оның спорттық мансабының гүлденген шағы 1953-1965 аралығында "Ботафого" клубында өнер көрсеткен уақытына сәйкес келеді. Гарринча аталмыш клуб құрамында 579 матч өткізіп, 249 гол соққан. "Ботафого" ойыншысы ретінде соққан голдардың жалпы саны бойынша Гарринча 3-орында тұр. Ол ауыр жарақан алғаннан кейін көп клубтар ауыстырады. Гарринча 1955-1966 жылдар аралығында Бразилия құрама командасында өнер көрсетті. Сол кезде 2 рет әлем чемпионы атанып, екіншісінде 4 гол соғу арқылы "ең үздік бомбардир" атанды.
Лақап аты
Бала кезінде футболшы кішкентай тропикалық құстарды аулауды әдетке айналдырған екен. Оларды жергілікті үндістер тілінде "гарринча" деп атайды. Інісінің қызық әдетін байқаған Тереза: "Мына қылығыңмен, сен өзің жақын арада гарринчаға айналасың!" деген екен. Осылайша, 4 жасар Манэ лақап атқа ие болды.
Отбасы
Гарринчаның отбасы өте кедедй болатын. Оның ағасы мен әпкесі аштықтан қайтыс болған. Ата-анасына жәрдемдесу мақсатында кішкентай Манэ еңбекке ерте араласқан.
Кемшілік
Гарринчаның сол аяғы оң аяғынан 6 сантиметрге қысқа болған еді. Жасалған оталардан ешқандай көмек болмады. Дәрігерлер оның жай ғана жүруінің өзі оңай болмайтынын ескертті. Бірақ, осыған қарамай Гарринча тарихта ұлы спортшылар қатарында мәңгі өшпес із қалдырды.
Фэйр-плей
1961 жылы футбол ойынына алғаш рет Гарринча енгізген болатын. Фэйр-плей қазақ тіліне аударғанда "әділ ойын" деген мағына береді. Матч кезінде "Флуминенсе" командасының қорғаушысы жарақан алып, ойнауға қабілетсіз болғандығын пайдаланып гол соғудың орнына Гарринча допты қапталдан шығарып жіберді.
Ескерткіш
2012 жылы 25 қаңтарда "Ботафого" стадионында Гарринчаның құрметіне 2,5-метрлік ескерткіш орнатылды. Ол әдейі Гарринчаның досы болған Нилтона Сантос ескерткішінің жанына қойылды. Сонымен қатар, Бразилия астанасындағы бір стадионға "Эстадио Манэ Гарринча" аты берілген.
Оның әр ойыны театр қойылымындай, құдды кино көріп отырғандай әсер қалдыратындықтан, халық арасында Гарринчаны "Футбол Чаплині" атап кеткен.
А. Оралқызы