Франц Беккенбауэр есімі қорғаныс шебінде өнер көрсеткен шебер футболшы һәм аты аңызға айналған жаттықтырушы ретінде жаһандық футбол тарихына мәңгілікке жазылды. Оның Әлем Чемпионатын футболшы ретінде де, жаттықтырушы ретінде де жеңген алғашқы адам екенін футбол ойынынан хабары жоқтардың өздері де білетін шығар. Бұл атақ Кайзер Франц алған жалғыз жетістік емес.
Германия құрамасы үшін 100 ойында өнер көрсеткен алғашқы да, "Алтын доппен" екі мәрте (1972 және 1976 жылдары) марапатталған алғашқы футболшы да – осы Беккенбауэр. Футбол жанкүйерлері Франц сәттілікті құрсақта жатқан кезінен-ақ серік етті дейді. Олай дейтін себебі, Мюнхенде дүниеге келген Беккенбауэрдің бұл спорттан алыс болуға еш мүмкіндігі жоқ еді.
Франц мансабын "Мюнхен-1906" клубында бастап, кейін атағы дүркіреп тұрған "Баварияға" ауысады. 1959 жас ойыншының бағы жанған жыл болды. Талапты жасты Германия жастар құрамасының жаттықтырушысы да бірден байқады.
Жастайынан алғырлығымен көзге түскен Франц футбол алаңының сыртында да өмір бар екенін ұмытпады. 1962 жылы 17 жастан асқан шағында сақтандыру агенті мекемесінен тәжірибе өтпек болады. Мұны естіген "Бавария" функционерлері Беккенбауэрден айырылып қалмас үшін ешкім бас тарта алмас баға көрсетілген келісімшарт ұсынады. Осылайша Кайзер өмірін мәңгілікке футболға арнау туралы шешім қабылдайды.
Франц Беккенбауэр футболда өте сирек кездесетін әмбебап ойыншы еді. Орталық шепте де, қос қанатта да, қорғаныста да, тіпті, шабуылшы ретінде де таптырмас шебер болатын. "Бавария" құрамындағы алғашқы ресми матчты "Санкт-Паули" клубына қарсы ойнады. Сол жақ шеп шабуылшысы позициясында өнер көрсеткен Франц бір де бір гол соқпаса да, ұтымды маневрлерімен жанкүйерлер жадында сақталып қалды. Сол кездесуде "Бавария" "Санкт-Паулиді" 4-0 есебімен шаң қаптырған еді.
1965 жылы жас маманның болашағын анықтайтын оқиға орын алды. Ол ұлттық құрамадағы дебюті болатын. Дебют Швеция құрамасымен 1966 жылғы Әлем Чемпионатына іріктеу кезеңдегі шешуші ойынға сәйкес келді. Бұл Германияның мундиальға жолдама алатын-алмайтынын анықтайтын аса маңызды кездесу еді. Ақыр аяғы Францтың командасы алаң иелерін 2-1 есебімен ұтып, ӘЧ-на аттанды. Сол ойыннан Беккенбауэрдің нағыз лидер екені байқалды, одан кейінгі 10 жыл бойы да солай болып қалды.
"Баварияның" сол кездегі жаттықтырушысы Хельмут Шён Беккенбауэрді жаңа позицияда сынап көрмек болады. "Либеро", яғни, соңғы қорғаушы футбол әлемі үшін тансық дүние еді. Францтың нағыз әмбебап ойыншы екенінің арқасында либеро тек шабуылдарға тойтарыс беруші ғана болмай, қарсыластардың ойнау мәнерін қадағалап, өз командасын әдемі игеруге мүмкіндік беретін позицияға айналды.
Беккенбауэр футбол алаңын тұтас бақылай алатын қырағы ойыншы болды, нақ бір компьютер секілді барлық мүмкін болар нұсқаларды лезде анықтап, үнемі ең тиімді шешім қабылдай білуімен ерекшеленді. Ол шабуыл векторын мүлтіксіз бағыттап, дирижер секілді матчтың темпін бәсеңдетер не арттырар тұсты дәл табатын. Командаластарын шабуылда қолдау көрсететін сәттерде жебеп, қорғанысқа көмек керек уақытта командаластарынан артқы шепке қайтуды талап етіп отырды. Оның "Кайзер" атануына себеп болған қасиеті – хас шабуылшылық қарымы мен қорғаушы прагматизмінің бір адамда үйлесім табуы еді. Беккенбауэр алаңда құдды балерина секілді мінсіз қозғалатын.
Беккенбауэрдің ойындағы позициясына қатысты әлем екі айырылды. Жанкүйерлердің бір қатары Кайзер Франц нақ оң жамбасына келетін іспен айналысып жүр десе, екіншілері оның қорғаныста болуы бар талантын құрдымға кетірумен пара-пар десіп жатты. Футболшыны қорғаныс міндеттемелерінен босатып, алаңға еркін суреткер ретінде аттандыру керек дейтін соңғылары. Бұл қайшы пікірлердің өршіп тұрған шағы 1966 жылғы мундиальдың финалындағы немістер жеңілісімен байланысты болды. Сол ойын ағылшындардың чемпион атануымен аяқталған еді.
Бірақ уақыт өте Беккенбауэр либеро позициясын бұрынғыдан бетер игеріп алды. Германия құрамасы мен "Бавария" командасының осыдан кейінгі жетістіктерінің бәрі Францтың соңғы қорғаушы міндетін мінсіз орындауымен тікелей байланысты болды.
Беккенбауэрдің хас сұрмерген екенін айтпай өтуге болмас. Гол соғуда жолы болғыш еді. Әсіресе, Әлем Чемпионаттарын айтсаңызшы. 1970 жылы Мексикада өткен мундиальда сол ағылшындардан 0-2 есебімен ұтылып жатып, кенеттен салған Францтың голынан шабыт алған команда ойынды жеңіспен аяқтаған еді. 1972 жылы Германия құрамасы КСРО-ны 3:0 есебімен айқын басымдықпен ұтып, Еуропа Чемпионы атанды. Ал 1974 жылы Германия құрамасының капитаны Франц Беккенбауэр голландиялықтармен болған финалдық кездесуден кейін FIFA Алтын кубогын аспанға көтеріп, ойыншы ретінде әлем чемпионы атанған сәтінде жасыл алаңда салтанат құрған болатын.
Осы триумфтан кейін Беккенбауэр құрама сапында 2 жыл өнер көрсетіп, жалпы саны 103 матчқа қатысқаннан кейін ойыншы мансабын аяқтау туралы шешім қабылдайды. "Жасым келді" дегенді алға тартқан Франц ендігіде өз тәжірибесімен бөлісіп, жас футболшыларға бағыт көрсетер жаттықтырушы жолын таңдайды. Осы шешімнің бастауы кезінде Пеле мансабын аяқтаған АҚШ-тың "Космос" командасы болды. Беккенбауэрдің келуімен мұхиттың арғы жағында футбол өнерінің мәртебесі артып, стадион жанкүйерлерге тола бастады.
"Космосты" 4 маусым бойы жаттықтырғаннан кейін Кайзер Франц отанына қайта оралды. Бұл кезең, нақтырақ айтсақ, 1984 жыл Германия құрамасында алдыңғы толқынды жаңасы алмастырған өтпелі шаққа сәйкес келді. Ұлттық құрама үшін аса ауыр уақытта Беккенбауэр жаттықтырушы міндетіне қайта кірісті.
Франц командасына түскен алғашқы маңызды сынақ 1986 жылғы Әлем Чемпионаты болатын. Ақтық мәреде Диего Марадонадай "Құдайы" бар Аргентинаға есе жіберді демесеңіз, финалға дейін жетіп, жанкүйерлер жүрегіне үміт отын жаға білді.
Есесіне Беккенбауэр ақысын 1990 жылы Италияда өткен мундиальда қайтарды. Бұл жолы да финалда аргентиналықтармен жолыққан немістер 1-0 есебімен реванш алды. Осылайша Кайзер Франц жаттықтырушы ретінде де әлем чемпионы атанып, нағыз тарихи оқиғаға себепкер болды.
Жеңісті мундиальдан кейін Беккенбауэр құрамадағы жұмысын тастап, өзінің туған командасы "Баварияға" қайта оралды. Аңыз адам осы күнге дейін аталған команданың президенті қызметін атқарады.
P.S. Әрі ойыншы, әрі жаттықтырушы ретінде әлем чемпионы атанған тағы 2 адам бар, олар: Марио Загалло мен Дидье Дешам.