- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Фергюсон кітабынан 45...
Фергюсон кітабынан 45 қате табылды
«Манчестер Юнайтед» командасының 27 жыл бойы тізгінін ұстаған сэр Алекс Фергюсон қазан айында «Менің автобиографиям» атты кітабын шығарған еді. Қазіргі таңда аталған кітап оқырмандары туындыдан 45 қате тауыпты. Бұл туралы ағылшындық The Daily Mirror басылымы хабарлап отыр.
Аталған басылымның хабарлауынша, оқырмандардың бірі Алекс Фергюсонның кітабын шығарған баспаға туындыны қайта әкеліп берген. Ол кітаптағы өріп жүрген қателерге көңілі толмайтынын жеткізген. Енді Hodder and Stoughton басылымы жіберген қателіктері үшін аталған кітапты сатып алғандардың ақшасын қайтарып беруге уәде берді. Басылымның бас директоры Джейми Ходдер-Уильямстың айтуынша, «Менің автобиографиям» кітабы бірнеше рет тексерістен өткен. Дегенмен бұл қателерді байқамаған көрінеді.
Кітаптағы көптеген қателер жыл көрсеткіштеріне байланысты болып отыр. Мәселен «қызыл сойқандардың» жартылай қорғаушысы Райан Гиггз 16 жасында негізгі құрамда алғаш алаңға шықты деп жазылса, шын мәнінде ол 17 жасында алғашқы кездесуін өткізген. Рой Кин 11 жыл «Манчестер Юнайтедте» тер төкті деп жазылса, футболшы 12 жыл «Олд Траффордта» өнер көрсеткен. 2001 жылы Яп Стамды манчестерлік команда «Ромаға» сатты деп жазған. Ал ол негізі «Лациоға» ауысқан болатын.
Естеріңізге сала кететін болсақ, шотландиялық бапкердің кітабы 22 қазанда сатылымға шыққан еді. Сатылымның алғашқы аптасының өзінде кітаптың 115547 данасы өз оқырмандарын тауып үлгерген. Бұл нон-фикшн жанрында жазылған кітаптар арасында рекордтық көрсеткішке айналған-ды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: fapl.ru
О. Сансызбай