Еуразия кинофестивалінде «Жеңіске деген жігер» деректі фильмі көрсетілді (видео)

Еуразия кинофестивалінде «Жеңіске деген жігер» деректі фильмі көрсетілді (видео)
Фото: massaget.kz

Бұл күндері Алматыда ХІІ Еуразия кинофестивалі өтуде. Бүгін даңқты спортшы Жақсылық Үшкемпіров жайлы түсірілген «Жеңіске деген жігер» (Воля к победе) деректі фильмі көрермендер назарына ұсынылды. Фильмді көруге тұңғыш Олимпиада чемпионының өзі де келді.

«Жеңіске деген жігер» (Воля к победе) деректі фильмін қазақстандық режиссер Тоқтар Қарсақбаев түсірген. Тұсаукесерін 2015 жылы Талдықорған қаласында өткізген болатын.

Көрсетілім алдында режиссер Тоқтар Қарсақбаев сөз сөйлеп, фильмді түсірудегі мақсатын айтты.

- Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров жайлы түсірілген қысқаметражды фильмдер көп. Бірақ, кең көлемде қамтылғаны аз болатын. Жұбайым Майра осы фильмді түсіру туралы ой айтып, оны жүзеге асыруға кірістік. Жастар тарихты білуі керек. Өткенді құрметтемей, жарқын болашаққа қол созу қайда? Жастарға жігер беру мақсатында осы фильмді түсірдік. Себебі, ауылдан шыққан баланың сондай жетістікке жетуі – жастарға үлкен үлгі – деді фильм режиссері.

Жақсылық Үшкемпіров келгендерге алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

-  Бәрі де еңбекпен келеді. Олимпиада чемпионы атану – маған бұйырған бақыт. Маған ғана емес, бүкіл қазақтың бақыты десем де болады. Осы бақытты барша жастарға тілеймін. Сендер де Олимпиада, әлем чемпионы атаныңдар, - деді даңқты спортшы.

Аталмыш фильм өскелең жас ұрпаққа өмірдегі барлық кедергілерді жеңе білуге, белгілі бір жетістікке жету үшін аянбай еңбек ету қажеттігін түсіндіреді. Фильм балуанның жеке мұрағатынан жинақталып алынған деректі құжаттардың негізінде орыс тілінде әзірленген. Фильмде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Халық әртісі Асанәлі Әшімов пен Роза Рымбаева және Қазақстан Күрес федерациясының президенті Сауат Мыңбаев өз пікірлерін білдірген. Олай болса фильмді тамашалай отырыңыздар.

О. Сансызбай