Естен кетпес жекпе-жек

Естен кетпес жекпе-жек
Фото: Ақын Ордабайұлы

Ауыл шетіндегі шағын төбешікке бір топ бала жарыса жүгіріп барады. Мақсат — түйенің өркешіндей шоқиып тұрған төбенің басына бірінші болып жүгіріп шығу. Жол бойы бірін-бірі тартып, жұлқысып барады. Қалайда биік шоқыға алды болып жетсе болғаны. Бұтында шолақ қара шалбар,үстіне ақ көйлек киген шымыр келген қара бала қатарластарын артқа тастап төбенің  басына бірінші болып жүгіріп шықты. Бейне бір тұғырына қонған қыран бүркіттей айналасына бір көз тастап алып, ентігін әзер басқан күйде:

- Әй сендерді қанша күтем, мықшымдамай шықсаңдаршы бері – деп бір жүгіріп, бір аяңдап келе жатқан достарына масаттана қарап  жаңқаланған жартастың үстіне отыра кетті. Ет қызуымен бойынан аққан қара терден үстіне киген көйлегі суға малып алғандай. Бұл желден  жүйрік қара домалақ баланың аты Айтжан еді.

Көпбалалы отбасында дүниеге келген дарабоз балуан, Айтжан жастайынан күрес десе ішкен асын жерге қоятын, құмар болып өсті.

Ат тоқымындай ғана Қарасу ауылынан  елге танымал көптеген балуандар шоғыры шықты. Солардың ішінде Айтжанның орны ерекше болды.

Әлем кубогінің иегері, Еуропа чемпионы, КСРО жеңімпазы, КСРО кубогінің иегері және де көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы Айтжан Шаңғараев қазақ спорты тарихында аты айшықталып қалған балуанның бірі болып есептелінеді. Елімізде самбо күресінің дамуына айтарлықтай үлес қоса білген талантты балуанның жекпе-жегін сол 1970-80 жылдары тамашалаған жанкүйерлер әлі күнге дейін сағынышпен еске алады.

Жолбарыстай жылдам, арыстандай айбатты, түлкідей айлакер Айтжан қарсы келген балуанның жауырынын жерге қадап, көрерменнің көзайымына айналып отырған.

Айтжан 1963 жылы Алматы облысы, Іле ауданы, Қарасу ауданында дүниеге келген. Ағасы Нұрғожа артынан ерген інісінің күрес десе делебесі қозатын талаптылығын байқап 11 жасынан күрес залына жетелеп алып келеді. Алдымен боз кілемде көк майсадай аунай кеткенді жақсы көретін қара бала өсе келе бағын дәл сол күрестен көретінін білмеген еді.

Талантты ұл көптеген елге белгілі балуандар секілді күрестегі алғашқы жолын қазақ күресінен бастайды. Қазақ күресіндегі қырқа шалу, жамбасқа салу, жотадан лақтыру секілді айлы-әдістерді жақсы меңгергенінің пайдасын кейінірек ірі сайыстарға түскенде жемісін көреді.

Ауыл-аумақтарда өткен дүбірлі жарыстардың бәрінде алдына жан салмаған талантты балуан, ауыл халқының мақтанышына айналады. Көптің көзайымы болған  дарынды жас, өмірдегі асқақ арманы әлем аренасында өнер көрсетуді мақсат етеді.

Ол кезде үлкен күрестің дәмін тата бастаған жас дарын, жолдың алыстығына қарамай жаттығуға қажетті киім-кешектерді қол қоржынына толтырып алып Қарасудан Алматыға қарай қатынайтын-ды. Жаттығудан кешігіп қалмау үшін, автбус күтіп қаншама тыпыршып асығатын. Ия, күн сайын ауылдан қалаға қатынау жасөспірім бала үшін оңай емес еді.

ҚазҰУ-дың спорт залында інісі Қайрат екеуі бапкері Темірхан Досмағанбетовтың әрбір айтқан ақыл-кеңесін бұлжытпай орындап боз кілемде жаттығуын шыңдай түседі.

Бірінің қолы бірінің күртешесіне тисе болды көз ілеспес жылдамдықпен әдіс жасауға тырысады. Құйындай ұйытқыған қым-қиғаш, айла-тәсілдер дамылсыз жасалынатын.

Тілерсектен іліп алып шалғанды Айтжан асқан шеберлікпен жасайды. Міне, бапкерінің “жаттығу аяқталды” деген сөзін тыңдай сала қос бауыр, қос балуан, шүмектеп аққан терге шомылып құшақтасып кілемнен шығып келеді.

Осы сәтте болат тұяқ балапандарын баулаған ата қыран секілді, тарланбоз жас талантарының күресіне көңілі толған бапкері, қияқтай қара мұртын сипап, ризашылықпен арқаларынан қағып қоятын.

"Жаттығуды ысылсаң, жарыста қысылмассың" демекші жаттығуда жан терің шықпай, жеңіске жету мүмкін емес екенін қос балуан жақсы біледі.

Міне, осындай маңдай тер мен талмас талаптың нәтижесінде Айтжан алмаған асу болмады. Бала күнгі арманының орындалар сәті де жетті.

Айтжанның ата-анасы теміржолшы болды. "Әкесі Тұрар елге қадірлі қарапайым жан болатын" дейді көзін көргендер. Көпбалалы жанұяның отағасын сұм ажал 53 жасында алып кетіп, бар салмақ Нұрбала анаға жүктеліп қалады. Өмір қиыншылығын жеңе білген қайсар ана 4 ұл,4 қызды аяғынан нық тұрғызып қатарға қосады. Аялап өсірген ұл-қыздары өмірде өз орындарын тауып ата-ананың парызын өтеді.

Шаңғараевтар отбасындағы ұлдардың төртеуі де спорт десе ішкен астарын жерге қоятын ауыл мақтаныштары болып өседі.

Нұрбала ана балаларының алып келген әр медалін сандыққа санап салып, рет-ретімен қаттап қояды екен. Әрбір өткен жарыстардан талантты балуан жүлдесіз үйге ораламайтын. Мақтау қағаздарын қолына алып, жүгіріп үйге кіргенде анасы Нұрбала қуаныштан маңдайынан сүйіп жатса, әкесі Тұрар маңдайынан иіскеп риза болып, батасын беріп отыру Шағараевтар отбасында жақсы бір қалыптасқан әдетке айнала бастаған еді.

"Алып анадан туады" демекші, сайдың тасындай балуандарды дүниеге әкелген Нұрбала ананың арманы жоқ десе болғандай.

Сол кездері ауыл халқы орталық мәдениет үйінде Шаңғараевтар отбасымен кездесу өткізуді дәстүрге айналдырыпты.

Үй іші диплом, мақтау қағаз, хрусталь, кубоктардан жайнай түсіп, бейне бір спорт мұражайына айнала бастайды.

Әрине Шаңғараевтар отбасындағы спортшы балалардың арасынан озып алға кеткені Айтжан болатын.

Айтжанды ағасы Нұрғожа 11 жасында күреске жетектеп әкелгеннен бастап, талантты балуан асқар-асқар белестерге көтеріліп,табысты өнерлерімен ел намысын абыройлы қорғайды.

"Бұлақ көрсең көзін аш" демекші, баланың бойындағы бар талантын көріп аша білген бапкер нағыз білгір, маман жаттықтырушы болып саналатыны белгілі. Айтжанның бойындағы хас балуанға сай, айрықша қасиеттерін жазбай байқаған сол кездегі ҚР еңбегі сіңген бапкер Темірхан Мінайдарұлы Досмағанбетов Айтжанды бірден өз қанатының астына алып жаттықтырып әлем аренасына алып шығады. Білікті жаттықтырушының қарамағына түскен Айтжан күннен-күнге шеберлігі артып, самбодан Қазақстанда өтетін ірі жарыстардың бәрінде дерлік топ жарады.

Айтжан спортпен айналыса жүріп, оқуынан қол үзбейді. Білім мен спортты ұштастыра білген дарынды жас алға қойған мақсатына адымдай қадам жасайды. Негізінде Айтжанның нағыз балуан ретінде қалыптасқан кезі ол студенттік шақ болатын. Қазақ мемлекеттік заң факультетінде білім нәрімен сусындай бастағаннан бастап, спортта толағай табыстарға жете бастайды.

Айтжан 1976 жылы Жуковский қаласында жасөспірімдер арасында өткен  КСРО біріншілігінде 42 кило салмақ бойынша қарсылас шақ келтірмей алтын алқаны мойнына тағып, алғашқы ірі жеңісінің жемісін көреді.

Әр балуанның өмірінде ең бір есте қалатын сәтті жекпе-жегі мен сәтсіз жекпе-жектері болатыны заңды. Өмірінің өткелді сәттерінің бәрі боз кілемде өткені анық. Өз өміріндегі ең қиын да ауыр белдесу Айтжан үшін 1981 жылы Қарағандыда өткен КСРО чемпионаты болған екен. Әр республиканың үкілеп қосқан 18 балуаны КСРО чемпионы атағын кеншілер жерінде сарапқа салады. Сонда Айтжан жартылай финалда әлемнің екі дүркін чемпионы Андрей Ходыревті  3:2 есебімен ұтып, финалда өз жерлесі жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Қанат Байшолақовпен кездеседі. Арпалысқа толы айқаста Айтжанның жұлдызы жанып, Одақ чемпионы атанады. Сол жекпе-жекті тамашалуға келген халықта есеп болмаған екен. Иін тіресіп, қызықтаған сол бәсекеде спорт кешенннің ішінен Айтжанға бір адам жан айғайды салып жанкүйерлік етіпті.

Зал толы халық өз жерлестері Байшолақовқа жанкүйер болып жатқанда, көп ішінен бөлініп шығып, Айтжанның жігерін жебеген жан самбо күресінен ҚР еңбегі сіңген бапкер Мерей Қойшыбеков екен. Сол бір жанкешті белдесуді Мерей ағамыз әлі күнге дейін үмытпай, әсерлеп тұрып айтып береді.

Айтжанның есінде қалған тағы да бір  тартысты өткен жекпе-жек КСРО кубогі үшін өткен байрақты сын болыпты. Сол дүбірлі жарыс алдында бапкері Темірхан Мінайдарұлы "Айтжан қалайда кубокті Қарасуға әкелу керек" деп жігерлендіріп қайраған екен. Бапкерінің тамырын дөп баса білгенінің арқасында Айтжан 48 килода қарсылас шақ келтірмей  жартылай финалдан бірақ көрінеді. Ресейдің Калинин қаласында өткен КСРО кубогі жолындағы жарыстың жартылай сынында Айтжан әлем кубогінің иегері грузин Сосо Ростяшививлимен кездеседі. Тәжірбиелі балуанмен түскен белдесуде қазақтың қайсар ұлы Айтжан бар шеберлігін салады. Ұтымды сәттің бірінде  жотадан асыра лақтырып, ұпайын еселейді. Сол бір ұтымды әдісі Айтжанды финалға алып шығып, соңғы белдесуде атышулы әлем чемпионы Нұрислан Халиулинмен күш байқасады. Соңғы дем, соңғы белдесу.

Ұтқыр, ұрымтал тәсілдер үздіксіз қолдануда. Барлау, байқау арқылы өрбіген күрес текетіреспен аяқталып отырады .Дегенмен көптің көңілінен орын алған Айтжан төрешілердің шешімімен бір ауыздан жеңіске ие болады.

Испанияның Лехона қаласында өткен Еуропа чемпионатында КСРО құрамасының құрамында Айтжан чемпион атанады.

Әрине, ол кезеңде КСРО құрамасына ену орындалмас арманның бірі болғаны анық. Ал Айтжан КСРО құрама сапында өнер көрсетіп қана қоймай әлем аренасын бағындырып, өзін мойындатқан сұрапыл, сұңғыл балуан еді.

Ұлттық құрамада күресетін әр балуанның мінез-құлқы әртүрлі болатыны сөзсіз. Мысалы, бірі - салмақты болса, бірі - ақжарқын әңгімешіл болады. Кейбірі ұйқышыл болса, әлдебірі асқа жақын тамақсау келеді. Ал әр балуанның бабын таба білу бапкер үшін басты міндеттің бірі.

Айтжанның ерекше қасиеттері туралы сөз еткенде  сол кездегі бапкері  ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Михаил Шепетюк; "Талантты балуанның еңбекқорлығы мен қандай да бір іс болмасын өзі бастаған жұмысын аяғына дейін абыроймен аяқтауға барын салатын тиянақтылығына" ерекше мән беріп айтады.

Айтжанның туып өскен ауылы Қарасудан елге танымал бірталай балуандар шыққаны белгілі. Мысалы, Айтжанның тай құлындай тебісіп бірге өскен сыныптасы, әрі жолдасы Мәден Қалиеков самбодан жастар арасында әлем чемпионы, КСРО чемпионатының жүлдегері атанса, Мәденнің туған ағасы Эдик Қалиеков самбодан спорт шебері. Сонымен қатар ауылдасы Валентин Погодин да жастар арасында КСРО біріншілігінің қола жүлдесін жеңіп алған балуан. Ал спорт шеберлері ағасы Нұрғожа Шаңғараев пен Нұрлан Бейсебаевтар ауыл таланттарын спортқа баулыған, ауыл спортының  алғашқы қарлығаштары болып саналады. Ал Айтжанның үлкен ағасы Алға ауыл жастарының қолына алғаш болып былғары қолғап кигізген спорт шебері.

Кезінде дзюдо күресінен ұлттық құрамының тізгінін ұстаған, Алматыдағы Олимпиада ізбасарларын даярлайтын орталықтың директоры Бостан Жаңбырбаев кезінде күрес кілеміндегі қарсыласы, әрі жолдасы Айтжанмен күні бүгінге дейін бір үйдің тетелес балаларындай аралас-құралас бауырдай әрі ажырамас достардай болып келе жатқанын мақтанышпен айтады.

Иә, әр адамның өзінің өмірдегі алға қойған арман мақсаттары болады. Негізі өмірде жар таңдау мен мамандық таңдай оңай емес деп халық ішінде дұрыс айтылса керек. Әрбір азамат өзінің сүйіктісін іздегенде таңдау дұрыс болмаса өмірінің мәні мен мағынасы жойылары  хақ. Сол секілді мамандық таңдауда адам үшін өте жауапты сын. Ал Айтжан Шаңғараев жарды да мамандықты дұрыс таңдай білген ел қадірлеген берекелі жанұя, қазақ спортында аты қалған атақты балуан.

Міне, арада жылдар жылжып, айлар алыстап кетті. Бүгінде  балуанның маңдайын ақ шалып, ел ағасы атанған кез. Айтжан күн еңкейе бергенде ауыл шетіне қарай аяңдап барады. Бала күнгі ақ таяқты ат қылып мініп сабалап жүгірген туған жердің ой-шұқыры дейін өзіне таныс. Айтжанға ауылдың бір топ доп қуалаған жалаңтөс жалаңаяқ балалары жарыса келіп амандасып жатыр. Балуан кейбірінің қолын кейбірінің маңдайынан сипап риза болуда. Содан кейін, баяғы ауыл шетіндегі  айыр төс шоқының  басына қарай бет алды. Қасына ілескен ауылдың қара домалақ жасөспірім  балалары соңынан қалар емес. Міне, жас кезінде желдей есіп шапқылап жүгіріп шығатын шоқының басына алқынып әзер жетіп, айналаға көз салып тұр. Ауыл көркіне тамсанып, сәл тамашалап тұрғанан кейін, апайтөс ардагер балуан қасында маңдайы тершіп өзгелерден бұрын жеткен қыр мұрын, шымыр келген қара баланың қос қолынан ұстап, мойнына бірақ көтеріп алды. Кім білсін, күні ертең бұл бала  атақты атасы Айтжандай қазақтың атын шығарар дарабоз балуан болып шығуы әбден мүмкін. Ол енді ертеңгі күннің үлесінде...

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

Н. Үсенова