Еркін күрестің Құлагері

Еркін күрестің Құлагері

Еліміздегі еркін күрес тарихында аты алтын әріппен жазылған айшықты балуан, қазақ жастары арасынан тұңғыш рет Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері, сонымен қатар, қандастарымыздың арасынан  Азия ойындарының  алғаш рет алтын жүлдесін жеңіп алған қазақтың даңқты балуаны Мәулен Сатымбайұлы Мамыровтың даңғыл жолы.

Кең байтақ жерімізді сыртқы жаудан қорғауда қазақ батырларының жауынгерлік өнерді терең меңгергендіктері туралы бүгінде толассыз айтылып, жазылып келеді. Әрине, батыр бабаларымыздың жауынгерлік өнері жас ұрпаққа үлкен өнеге сабақ болса игі. Сол жауынгерлік өнердің ішінде жекпе-жек сайысына айрықша тоқталсақ. Ендеше, осы жаумен оңашада жекпе-жекке шыққанда күрес өнеріне сүйенетіні белгілі болған. Сол кезде қазақтың дала батырлары күрестің түрлі айла-тәсілдерін қолдана отырып, жауын тізерлеткен.

Біз бүгін сөз еткелі отырғанымыз да осы күрес өнері мен оның ішіндегі еркін күрес түрі.

Еркін күрес дегенде бірден ойымызға Қажымұқан атамыздан бастап, Әбілсейіт Айқанов, Амангелді Ғапсаттаров, Аманжол Бұғыбаев, Асқантай Иманқұлов, Рамазан Нұрманов, Мәлік Нәдірбеков, Жақсыжол Көрпебаевты және басқада айта берсең аттары таусылмайтын қазақтың апайтөс балуандарын бірден еске аларымыз анық. Осылардың көпшілігі кезінде КСРО аймағында өткен байрақты жарыстарда топ жарып, еліміздің атын шығарған біртуар балуандар. Шапшаңдықты, ептілікті, күштілікті, жан-жақтылықты талап ететін бұл күрес бізге ата-бабаларымыздан ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жеткен жанымызға жақын күрес түрі деуге болатын шығар. Жоғарыда аттары аталған қазақтың айшықты балуандарының бірі бүгінде ортамызда жоқ болса, бірі  әлі де сол боз кілемді жағалап, әлі де сол бел шәкірттерін тәрбиелеп жүр. Өйткені, олар бар ғұмырын күреске арнаған абзал жандар. Айтулы ағаларымыздың тәрбиелеген шәкірттерінің арасынан Олимпиада асуын бағындырған балуандар да жоқ емес. Иә, өздері кезінде Кеңес үкіметінің солақай саясатының салдарынан әлем, Олимпиада жарыстарына бара алмай қалғанын біз жақсы білеміз. Дегенмен де, өздері шықпаған Олимпиада биігіне өздерінің төл шәкірттері жеткендеріне еркін күрес түрінің ардақты ардагерлері дән разы. Сонымен қатар, Ақиықтан шыққан ақиық балуан Мәулен Сатымбайұлы Мамыровтың есімі  ерекше аталары анық. Мәуленнен кейін, еркін күрестен елеулі үлес көрсеткен, еркін күрес түрінен Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Ислам Байрамуков пен Лондон Олимпиадасы мен Парижде өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы Ақжүрек Таңатаровты міндетті түрде айтуға болады.

Ал, енді Мәуленнің үлкен спорттағы өмір жолынан әңгімемізді бастайық. Мәулен Алматы облысы, Қаратал ауданы, Ақиық ауылында 1970 жылы 14 желтоқсанда дүниеге келеді. Әкесі Сатымбай Макейұлы Мамыров 1922 жылы 2 қазанда Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Сарыжаз ауылында туған. Ал анасы Зейнеш Мақсұтқызы Мамырова 1936 жылы дүние есігін ашқан. Мәулен 1978 жылы Талдықорған облысы, Киров ауданы, Жетіжал ауылына отбасымен көшіп барып, осы  ауылда алғаш мектеп табалдырығын аттап, орта мектепті 6 сыныпқа дейін оқыған. Дарынды жас 1984 жылы Алматы қаласындағы Қ. Мұңайтпасов атындағы  республикалық спорт мектеп-интернатына келіп оқуға түседі. Бұл мектеп-интернатты аяқтағаннан кейін Олимпиадалық резервтер кәсіптік мектебінде білімін жалғастырып, оны 1990 жылы бітіреді. "Ұстазсыз шәкірт тұл" демекші, қандай адамға болмасын алғашқы білім берген ұстазы ыстық болары сөзсіз. Мәулен осы мектеп-интернатты аяқтап аттанып кеткенше, білім нәрін шәкіртінің бойына еге білген сынып жетекшісі, Қазақстан Білім беру ісінің үздігі, педагогика саласында "Ыбырай Алтынсарин" атындағы белгінің иегері, қазіргі таңда зейнеткер, құрметті ұстазы Айым Есенханқызы Мұратованы ешқашан ұмытпай, ыстық ықыласпен еске алып отырады екен. Бұл да ұстазға деген дарынды балуанның бір жақсы қыры болса керек. Мәуленнің енді жоғары оқу орнына  түсу арманы ой түбінен қылаң береді. Ол Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы университетке "Дене шынықтыру"  факультетіне түсіп, жоғары оқу орнын 1994 жылы аяқтап шығады. Мәуленнің еркін күрес түрінде жеткен жетістіктері туралы айтып тауысу аз уақытты алмайтыны анық. Өмірін күрессіз елестете алмайтын дара тұлғаның, енді  өмір жолындағы толағай табыстарымен сөзімізді жалғастырайық. Мысалы, КСРО чемпионы атанған Аманжол Бұғыбаевтай ардагер балуанның шәкірті, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері Мәулен Мамыров (1990 –2002) жылдары Қазақстан чемпионатын 13 рет жеңіп, Олимпиада  ойындарында қола медалді алған еліміздің мақтанышына айналған біртуар балуанның бірі. Еркін күрестен 1988 жылдан бастап, байрақты жарыстарда алдына жан салмаған Мәуленнің аты қазақ спорт тарихында өшпестей болып із қалдырды десек болады. Ал енді рет-ретімен жеңісті жолына назар салсақ.

 

Мәулен Мамыров – жасөспірімдер арасында КСРО чемпионы,  жастар арасында КСРО чемпионы, жастар арасында әлем біріншілігінің қола жүлдегері (Австрия, 1988 жыл), Бүкілодақтық жастар ойындарының күміс жүлдегері (1989 жыл), жастар арасында әлем кубогының қола жүлдегері (Канада, 1990 жыл), КСРО кубогының иегері (Тбилиси, 1990 жыл ), КСРО чемпионы  (Гомель, 1990 жыл), КСРО халықтары спартакиадасының  күміс жүлдегері (Запорожье, 1991жыл), КСРО чемпионатының қола жүлдегері (Запорожье, 1991 жыл), ТМД елдері чемпионатының қола жүлдегері (Мәскеу, 1992 жыл), Азия кубогының 1994, 1995, 1996, 1997, 1999 жылдардағы чемпионы, Орталық Азия ойындарының жеңімпазы (Ташкент, 1995 жыл), Орталық Азия ойындарының жеңімпазы (Алматы, 1997 жыл), Шығыс Азия ойындарының жеңімпазы (Пусан, Корея, 1997 жыл), Шығыс Азия ойындарының жеңімпазы (Осака, Жапония, 2001 жыл), ХІІ Азия ойындарының чемпионы (Хиросима, Жапония, 1994 жыл), ХІІІ Азия ойындарының қола жүлдегері (Бангкок, Таиланд, 1998 жыл), Азия чемпионы (Ташкент, Өзбекстан, 1999 жыл),  Әлем чемпионатының қола жүлдегері (Красноярк, Ресей, 1997 жыл), Олимпиада ойындарының қола жүлдегері (Атланта, АҚШ, 1996 жыл). Сонымен бірге ол "А" класы бойынша өткен халықаралық  "Гран-при" турнирлерінің бірнеше дүркін жеңімпазы, 1-дәрежелі "Айбын" орденінің игері, ҚР Құрмет грамотасымен, Талдықорған қаласының құрметті азаматы және "Құрметті спорт қайраткері" деген атақтармен марапатталған балуан.

Бүгінгі әңгіме өзегі де осы қазақтың қарадомалақ балуаны туралы болғалы отыр.  Енді, иісі қазаққа аты мәлім даңқты балуан Мәулен Сатымбайұлы Мамыровпен  сұхбатты назарларыңызға ұсынамын.

"Күрес – менің өмірім"

– "Тұлпар болар жүйрік, тайынан-ақ белгілі" дегендей, Мәулен Сатымбайұлы спорттың көптеген түрлері толып жатқанда неге осы еркін күресті таңдап алдың? Осы күреске келуіңе не себеп болды?

– Бала кезімізден көкмайса шөпте күресіп ойнап өстік қой. Мен өзім өзге спорттан гөрі күреске иығым бұрып тұратын. Қандай жекпе-жектер, ойындар  бола қалса, мен әйтеуір алыса кеткенде жылдамдылығымның жақсы болғанының арқасында ешкімге алдырмайтынмын.  Иә, ауыл балалары арасынан бала кезінде күреспегені жоқ шығар.

– Алғашқы бапкерің туралы айтып өтсең?

– Алматыдағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектеп-интернатқа  келіп оқуға түскенде, мені кәсіби деңгейде дайындаған жаттықтырушым, күрестің әліппесін үйреткен Шавхат Мурсалимовті алғашқы бапкерім деп санаймын. Ол кісі қазір Қарағанды қаласында тұрып жатыр. Сонымен бірге, марқұм болып кеткен Тұрарбек Мағажанов деген ағайымыз бен Нұрғали Рахманқұловтарды ерекше бөле-жара айтар едім. Елімізде еркін күрестің дамуына зор үлесін қосқан осы азаматтар алғашқы бапкерлерім болды деп айта аламын. Ал кейінрек, Талдықорғанға келгенде еркін күрестен ұлттық құрамының бас жаттықтырушысы болған КСРО чемпионы Аманжол Бұғыбаев ағамыздың қол астында жаттықтым.

– Арман қуып Алматыға келген шақтарды еске алсақ. Сенің Алматыдағы спорт мектебіне келуің өзің алға қойған мақсатың арқылы орындалды ма?  Әлде ата-анаң немесе бапкеріңнің кеңесімен келіп оқыдың ба? Алғашқы дүбірлі жарыста жеңіске жеткен белдесулерің қай жерде өтіп еді?

– Алдыма мақсат қою деген менде болған жоқ. Алматыға ағамның  қолдауымен келіп Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық спорт мектеп-интернатқа келіп түсіп кеттім. Қазір мысалы, күрес кілеміне табаны тиген жас баладан арманың не десең бірден Олимпиада немесе әлемді ұту деп тақ етіп жауап беретіні белгілі. Ол кезде Интернатқа бар, түсесің, оқисың деді. Сол сөздермен өзімізді қамшылап, аяғымыздан тұрдық қой. Интернатқа келген кезден бастап, намысқа тырысып, жеңілмеу үшін бар білгенімізді салдық қой. Негізгі мақсат ол кезде қандай бір кездесу болмасын, намысты ту етіп жеңіске жету болатын. "Намыс бар жерде табыс бар" демекші, ақырындап жеңістер келе бастады. Басында салмағым аз болғандықтан екі жылдай үлкен  жарыстарға шыға алмадым. Екі жыл өткеннен кейін көрсеткіштерім басталды. Ең алғашқы жеңіс Алматыда Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ахметжан Қазымбетовтың атында өткен республикалық жарыс болды. Осы турнирде топ жарған соң, мені Дағыстанның аты әйгілі балуандары шыққан Хасавюрт деген қаласында жасөспірімдер арасында КСРО белді балуандарының қатысуымен өтетін "Дружба" деген дүбірлі жарысқа алып барды. Сол кезде мен 38 кг салмақта күресіп, барлық қарсыластарымды айталық, 12:0 деген үлкен есеппен таза жеңіп шықтым.  Финалда жеңген қарсыласым әзірбайжан балуаны Намик Абдуллаев кейін, Аталанта Олимпидасының күміс жүлдегері, Сидней Олимпиадасында чемпион атанды. Осы турнирге екінші рет қатысып чемпион болғанда финалда украин Евгений  Буслович деген балуанды жеңгенмін. Ол болса, Сиднейде күміс медальға ие болды. Қысқасын айтқанда, сол "Дружба" жарысында жүлдеге қол жеткізген балуанның барлығы дерлік КСРО чемпиондары болып шығатын. Жалпы, айтулы турнирде  екі мәрте ұтқан қазақ жалғыз өзім болдым десем артық айтпаған болар едім.

– Мәулен Сатымбайұлы, Барселона Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік болды ма?

– Барселона Олимпиадасына мен екінші номерлі балуанның қатарында болдым. Өйткені, Мәскеуде өткен Спартакиадада 3 орын алған едім. Атланта Олимпиадасында ұтып алған балуаным Владимир Тогузов 1992 жылы төрт жылда бір айналып келетін дүбірлі додаға  барды. Негізі онымен мен теңдей күресіп жүрдім. КСРО чемпионатында  екеуміз 1:1 болғанда төрешілер оған жеңісті жұлып алып берді. Сөйтіп, ол финалда күрессе, мен үшінші орынға таласып қола жүлдегер атанған болатынмын. Сондықтан да Барселонаға Сеул Олимпиадасы мен әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Еуропа чемпионы Владимир Тогузов кетті ғой.

– Өзіңнен кейін Азия ойындарында  топ жарар қаракөз балуанның қарасы әлі көрінбей келеді. Сен жаттығуда жаныңды салып арша-паршаң шығып, терлеп жаттығып жатқаныңды талай мәрте спорт залдан көруші едім. "Жаттығуда жаныңды салмасаң, жарыста жеңіске жете алмассың" деген қағида бар емес пе? Меніңше, сол шүмектеп төккен терің еш кетпей талай мәрте жеңіске жеттің. Неге бүгінгі таңда еркін күрестен Азия жарысының алтын жүлдесін жеңіп алатын, ізіңді басар қазақ балуаны көрінбей тұр? Мүмкін өзің сияқты жаттығуда жанын салмағандықтан жастарымыз өзің бағындырған белеске көтеріле алмай жатқан жоқ па? Себеп неде?

– Иә, менен кейін міне, қаншама жыл өтсе де Азия ойындарының алтын медалі ешкімге бұйырмай тұр. Тіпті, мықты деген легионерлердің бәрі күресіп, Азияның алтын жүлдесін ала алмады ғой. Азия ойындары – Олимпиада секілді төрт жылда бір келетін аламан жарыстың бірі. Балуан додаға қандай бабында барады сол мәселе өзекті. Біреуге бұйырады, біреуге жоқ дегендей. Негізі, әлем, Азия жарыстарының жүлдесін алған жастарымыз бар, жоқ емес. Дегенмен де алтынның орны бөлек қой. Меніңше, кешенді түрде жүргізілмеген дайындықтың кесірінен бе деп ойлаймын. Бұған бапкерлер мен балуандардың да кінәсі жоқ, сүттен ақ, судан таза деп айта алмас едім. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дегендей, бәрі бір дененің бір мүшесіндей бірігіп жұмыс істеу керек. Сонда ғана нәтиже көрінеді.

– Күресте қулықтың алар орны бар ғой. Аталанта Олимпиадасында қулықпен жолыңды кескен болгар балуаны  Валентин Иордановты жеңуге болатын ба еді? Қола медаль үшін өткізген белдесу туралы  еске алсаң. Ресей балуаны Шешенол Монгуштың баяғы Қажымұқанмен күрескен жапон балуаны Саракики Жиндофу секілді үстіне май жағып шығып  күресті деген сөз күні бүгінге дейін айтылады. Ол рас па?  Аталантаның алтын медалін алуға не жетпеді деп ойлайсың?

– Жеңіске жету үшін күрестің де өз қулығы бар. Аталанта Олимпиадасының алғашқы айналымда канадалық балуан Грег Вудкрофты 10:0 есебімен ойсырата ұттым. Сосын келесі сында КСРО Халықтары спартакиадасы мен ТМД чемпионатында менің алтын жүлде алу үшін жолымды кескен украин балуаны Владимир Тогузовпен кездесіп, есемді қайтарып 3:1 есебімен жеңіске жеттім. Содан кейін, болгардың атышулы балуаны Валентин Иордановпен кездестім. Қарсыласымнан мен қалайда екі есе мықты болуым керек еді. Негізі Валентин Иордановты ұтуға мүмкіндік болды. Иордановпен күрескенде төреші маған тиесілі ұпайымды бермеді. Мен аяғына өтіп барып тастаған әдісіме үш бал беру керек еді, бірақ төреші бір-ақ балмен қанағаттандырды. Қолын бұрап алып, екі балға жерде айналдырып жіберіп, аударып алып таза салатын жерде қолымен соққылап айғайлап жібергеннен кейін, төреші тұрғызып жіберді. Ол жерде жоқ дегенде екі бал беріп, оны қайтадан төрттағанға қою керек еді. Оны төреші жасамады. Қайтадан тұрғызып күрестіре берді. Содан кейін кілемнің сыртына шығарып екі-үш әдіс жасап едім, бір-бір ұпай алатындай ол да есепке алынбады. Жалпы, ұпайларымыз 7:7 болу керек қой. Ал, төреші жекпе-жекті 7:3 қылып аяқтап, жеңісті оған былайша айтқанда тарту етті. Валентин Иордановтың қулығы да жеңіске жетуіне септігін берді. Әрине, әлемнің 7 дүркін чемпионы болған соң, төрешілердің өздері соны жеңімпаз қылу үшін жұмыс жасағаны айғақ еді. Сөйтіп, ол менің алтын жүлде алар мүмкіндігімнен айырды.  Оның осындай ірі жекпе-жектерді қулығын асырып кетіп жататынын кейін естіп білдік қой. Сол жерде өзімде қателік жібердім. Егер қарсыласымды баяғыдан зерттеп, оған қарсы әдіс ойлап табуым керек еді. Оның жасаған әдісіне дұрыс қарсыласпадым, соның кесірінен жарты секундта оның жасаған тәсіліне түсіп қалдым. Бір жағынан ол кезде балуанның күресі туралы бейнебаяндар болмады. Бәрін ұтуға болады. Ал енді  қазір ютубта ашсаңыз толып тұр. Қазір техниканың дамыған кезі, қарсыласың туралы тіпті жаттап алуға болады. Бапкерлер жекелей жұмыс жасағанда бір нәтиже болар ма еді. Енді бәрі өтіп кеткен соң айтқанның еш пайдасы болмас, дегенмен де жастарға сабақ болса деймін. Ал содан кейін, түркиялық балуан Метин Топақтаны 5:0 есебімен жеңіп шықтым.

Үшінші орын үшін Ресей балуаны Шешенол Монгушпен күрестім. Қарсыласыммен күресіп жүргенімде 30 секундттан асып 1 минутқа жақындағанда үстінен шым-шымдап тер шыға бастады. Сол кезде әдіс жасауға ұмтылып аяғына өткен кезде, қолым денесінен тайып, тіпті қолдарымды бірі-бірімен қосқан кезде саусақтарым да  майдан жұғыспай тайып әдісімді іске асыра алмадым. Негізі, көп балуандар солай істейді. Майды алдын-ала жағып алады да сосын күресерден бұрын сүртіп тастайды. Терлемей тұрғанда онша білінбейді де, шым-шымдап тер келе бастағанда қолың қарсыласты ұстаудан қалады. Сол кезде мен тұрып төрешіге: "Мынау үстін майлап алған тексеріңіз", деп айттым. Ол маған көңіл бөліп қарамақ тұрмақ, тіпті менің сөзімді елеген де жоқ. Маған керісінше, "күрес ары қарай" деп, сөзімді естігісі де келмеді. Бозкілемнің шетінде секундант болып отырған Мәлік ағайға қарасам: "Не істеймін мен, күрес" деп, маған айтып жатыр. Сол сәтте күресуден басқа шара болмады. Бойымдағы бар күш-жігерімді жиып алып, аяғына дейін күресіп шықтым. Қарсыласым қандай қулық жасаса да "Аққа құдай жақ" демекші, Алланың қолдауымен 3:2 есебімен жеңіп шықтым. Бірақ, осы жерде айта кетерім, 3:2 есебімен ұтып келе жатып, жекпе-жек аяқталуға 8 секунд қалғанда мені төрттағанға (партерге) қойды. Төрешілердің сол сәтте, Ресей балуаны ұпайын еселеп алар деген қулық ойлары болса керек. Мен оған 3-8 секундта бірнәрсе жасауына еш мүмкіндік бермедім. Төрешілер оған аямай-ақ көмектесті. Былайша айтқанда, мен оны 3:1 есебімен ұтып жатқанда, мені басымен сүзеген сиырдай сүзіп, кілемнен шығарып жіберді. Соған да төреші қарсыласыма бір бал берді ғой. Дегенмен де намысқа тырысып, бір Аллға сыйынып күресімді ары қарай үлкен күшпен жалғастырып, 3:2 есебімен жеңіске жетіп, Олимпаданың қола жүлдесіне ие болдым. Міне, бұл жекпе-жекте мені қалайда жеңемін деп шыққан Ресей балуаны Шешенол Монгушпен маған қарсы жұмыс істеген төрешінің барлық құйтырқы, кесірлері іске аспады деуге болады.

– Сидней Олимпиадасына барар алдында берген сұхбаттардан сенің нағыз бабында екенің жайлы айтылған еді. Жеңіс жолынан шет қалуыңда не кедергі болды?

– Сиднейде мен алғашқы екі кездесуді ұттым. Бірінші белдесуде Лаптякуру деген неміс балуанын айқын басымдылықпен ұтсам, екінші кездесуде ежелгі қарсыласым Атқам Атчиловты жеңдім. Үшінші кездесуде беларусь балуаны Герман Кантоевқа қарсы шықтым. Негізгі берілген 6 минутта есеп 2:1 болып аяқталды. Ол кезде жеңіске жету үшін 3 ұпай керек болатын. Бізге сосын тағы да 3 минут қосымша уақыт берді. Сол кезде ең соңғы  9 минут жақындаған кезде мені төрттағанға қойды. Мен сол кезде оны 2:1 ұпайымен ұтып жатқанмын. Негізі, ол тік тұрып күрескеннен де төрттағанда күрескенге икемі мықты болатын. Тік тұрып белдесуде ол көп әдістерге бармай, көбінесе итеріп күресетін. Ал төрттағанда өзінің жақсы жасайтын әдісі болатын-ды. Бұл жерде де төреші оның ұтқыр жағын ескеріп, мені төрттағанға қойды. Сол жерде мысалы, төрттағанда 30 секунд берілетін болса, төреші одан да ұзақ созып жіберді емес пе? Ол жасағанша күтіп тұрып, 1 минуттай уақытты сағыздай созып тұрып алды. Осылайша, соңғы 9 минут аяқталар сәтте төрттағанда мен оған 2 ұпай беріп қойдым. Сөйтіп, 3:2 есебімен ол жеңіске жетті. Осылайша, бұл жекпе-жекте де төрешінің кесірінен 3:2 есебімен ұтылып, финалға 3 орын үшін күресу қуанышынан айырылып қалдым. Осылайша, бұл Олимпиадада 5-6 орын үшін күресіп 6 орынмен жарысымды аяқтадым. Бірақ, спорттық формам өте мықты болды деп айта алмаймын. Екі рет оқу-жаттығу жиыны болды. Мен толыққанды жаттығу жасай алмадым. Өйткені, гайморитпен ауырып қалған едім. Мұрнымды тестіріп, емдеп жүріп жаттығуды біраз жіберіп алдым.

– Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында жолыңды бөгеген қандай балуандар болды? Соларға тоқтала кетсең? Қарсыластарың мықты ма еді? Жоқ әлде төрешілік жағынан қысымдар ма?

– Бір нәрсені ұмытпағанымыз жөн. Егер айталық әлем чемпионаттарында қарсыласыңмен теңдей күресіп жатсаң, жеңісті алаң иелеріне не болмаса төрешілердің көңілі қалаған жаққа бұрып жіберетіні ақиқат. Бір рет әлем чемпионатында америкалық әлем чемпионы Самуэль Хенсенмен, тағы бірде өзбек балуаны Атқам Атчилов жолымды кесті. Тағы бір әлем додасында беларусь балуаны Герман Кантоев, Валентин Иорданов  секілді  балуандар жеңіске бір табан қалғанда жолымды кесіп отырды. Ал негізі мен оларды теңдей демеймін таза ұттым, бірақ төрешілер бұрып жіберді. Әрине, төрешілерге кінә арта беруге де болмайды, ол жерде айтып отырмайтының анық. Десек те менің де кінәларым болды. Мен олардан екі есе басым болуым керек еді. Өкінішке қарай, солай болып отырды.

– Егеменді ел болмай тұрып, Мәулен сен барлық байрақты жекпе-жектеріңді КСРО құрама сапында өткіздің ғой. Былайша айтқанда,  КСРО-ның намысын қорғадың. Ол кезде заман солай болды. Қай жылдан бастап еліміздің атынан көк туымызды көтеріп күресе бастадың?

– Иә, мен ол кездері жасөспірімдерде де, жастарда да, ересектер арасында да Кеңес Одағы құрамасының сапында күрестім. 1991 жылы КСРО Халықтар достығы Спартакиадасында ұлттық құрама команданың сапында күресіп, екінші орынды иелендім. 1992 Мәскеуде "Лужникиде" ТМД елдерінің чемпионаты болды. Сол жарыста үшінші орын алдым. Ол кезде де сол ТМД құрамында тұрдық қой. Ал 1993 жылдан бастап Қазақстанның атынан егеменді ел ретінде өз туымызды желбіретіп күресе бастадық.

– КСРО чемпионаттарында күрескен кезіңде, әрине шовинистік көзқараспен команда басшылықтарының жол кесулерін басыңнан өткерген боларсың. Сондай кездерде өкінген шақтарың болды ма?

– Жасыратыны жоқ ондай көп болды. Мысалы, 1991 жылы мен КСРО  Халықтар достығы Спартакиадасында күміс жүлде иеленгенмін, сосын үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведь атындағы халықаралық жарыста Гран-Приді ұтып алдым. Міне, сол кезде мен Еуропа чемпионатына баруыма толықтай құқығым бар болатын. Мені бірінші нөмірлі балуан ретінде әбден дайындап, енді жарысқа аттанар сәтте, орныма басқа адамды алып жерге қаратып кетті. Сосын команда басшылары Әлем кубогына барасың деді. Хош, дайындықты шыңдап тер төге бастадым. Өкінішке қарай, ол жарыстан да  мені шеттетіп кетті. Сонда біреуінде бурят балуаны Сергей Замбаловты алып кетсе, екіншісінде әлгі сол Владимир Тогузовке таңдау түссе керек. Сол жылдары нағыз бабыма келе бастаған шағым еді. Әттең, үлкен мүмкіндіктен айырып жіберді. Әттеген-ай, деп жанымыз күйіп қала бердік. Сол кездегі шовинистік солақай саясаттың ызғары спортта да сезіліп тұрғаны айдай анық еді.

– Ресейдің құрамасында кіллі тау халқының балуандары салтанат құрып келеді. Әсіресе, Дағыстанның әрбір ауылында жоқ дегенде ек-үштен әлем, Олимпида чемпиондары бар деген қауесет бар. Тау халқы сонда біздің қазақтардан мықты болғаны ма? Неге ұлттық құрамаға көп жылдар үзбей легионер балуандар тартылып келді? Осыған өзіңнің көзқарасың қалай? Бізге сырттан келген балуандар керек пе?

– Сол кездері легионер балуандар көп болды. Мен негізі өзім оған қарсы едім. Жоғарыдағы Спорт комитетінің келісім, шешімдерінің нәтижесінде жасалған шаралар ғой ол. Біз балуан болдық, күрестік. Саясатқа араласатын ол кезде уақыт та болмады. Менің салмағыма да легионер балуандарды тартқаны рас. Ол кезде бірінші нөмірлі балуан едім. Олардың бірі маған қарсы тұра алмаса бірі басқа салмаққа ауысып кетті. Таулықтардың барлығы еркін күреспен ауызданған балуандар ғой. Бәсекелестік таулықтарда өте жақсы. Физикалық тұрғыда да өте күшті болғандықтан күреске туа сала бейім болып өседі. Мен біздің қазақ балаларын олардан еш кем деп айтпас едім. Бізде күрес қанымызда бар емес пе. Біз өзіміздің қазақ балуандарын тәрбиелеп өсіріп шығаруымыз керек. Ол үшін әрине, жан-жақты кешенді жұмыс жасалу керек. Бізде еркін күреске бокс сияқты үлкен мектеп керек. Қазір Аллаға шүкір ұлттық құрамаларда өзіміздің қазақ балуандары толып жүр. Легионерлер жоқтың қасы. Сонымен қатар, жаттықтырушылардың білімдерін арттыратын  жағдай жасау керек деп ойлаймын. Көп іздену керек. Жалпы, спорт деген де үлкен ғылым деп білемін.

– Өмірдегі күрес жолыңда алмаған асу, жеңбеген жекпе-жегің болмағынын білеміз. Тек қана  Олимпиада мен  әлем чемпионатының алтын медалі бұйырмаған екен. Осыған өкініп, әттеген-ай деген ішіңде бір шер кетпеді ме?

– Әрине, өкініш жүректің түбінде тұрып қалады екен. Олимпиада мен әлем чемпионатын ұтпаған соң, әрине, іште бір әттеген-айдейтін өкініш қалары сөзсіз. Дүние жүзінде "мен" деген көшбасшы мықты балуандардың бәрімен күрестім. Намысты қолдан бермей, барымды салып күресіп барлығын да жеңдім. Тек Олимпиада мен әлем жарысының алтын жүлдесі бұйырмаған екен. Дегенмен де, әлемдік деңгейде өтетін байрақты жарыстардың барлығын тегіс ұттым деп айта аламын. Болашақта өкшемді басып келе жатқан қазақтың бір жас өрені еркін күрестен Олимпиада мен әлем шыңын бағындырар деген сенімдемін. Қазақтың жүректі де білекті ұлдарының қатары көп болсын деп тілеймін.

– Бүгінгі жасап жатқан қызметің туралы айтсаң? Өзіңнің жетпеген Олимпиаданың алтын алқасын алатын қазақтың алтын баласын жаттықтырып чемпион етсем деген арман бар шығар. Бапкер ретінде өзіңді байқап көрдің бе?

– Қазіргі таңда Алматы облысы олимпиадалық резервтерді даярлау орталығының директоры болып қызмет атқарып жатырмын. Спорттың 8 түрінен 150-ден астам спортшылар шеберліктерін шыңдап жатыр. Мектебіміздің жетістіктері де жоқ емес. Біздің спорт мектебінен тәлім алған тәлімгерлер арасынан озып шыққандары республикалық, Азия, әлем және халықаралық жарыстарға қатысып, олжа салып келеді. Көпшілігі Қазақстан құрамасының жейдесін киіп өнер көрсетеді. Көрсеткіштері де жаман емес. Ал бапкер ретінде жұмыс жасап жүрген жоқпын. Жалпы, қолдан келген көмегімді аямаймын. "Болар баланың бетін қақпа, белін бу" дегендей, талантты жастар болса, ақыл-кеңесімді беруге әр кез дайынмын.

– Ауыл қазақтың күре тамыры, ашытқысы ғой. Туған ауылға жиі барып тұрасың ба?

– Ауылда туған-туыстар бар. Көп көрмесек сағынып қаламыз. Ауылда туып өскен соң, туған жерге үзбей жиі барып тұрамын. Мен туып өскен ауылымда күрес үйірмесі ашылып, онда туған бауырым жас жеткіншектерді жаттықтырып жүр. Ауылда таланттар жетеді ғой. Сол қазақтың қарадомалақ дарынды ұл-қыздарының уақытын бос өткізбей спортпен айналысуы қажет. "Бұлақ көрсең, көзін аш" демекші, сондықтан да ауылға барған сайын жас балуандарға өзімнің тәжірбиеммен бөлісіп, демеу, жебеу беріп жататын кездерім де болады.

Отбасыңда қанша бала болдыңдар? Әулетте өзіңнің жолыңды қуып шыққан балуан бар ма?

– Отбасымда үш ұл өсіріп отырмын. Жанұямның берекесін кіргізіп отырған жарымның аты - Букена. Үлкен ұлым Мәдияр 26-ға келсе, ортаншы ұлым Дәулет - 22 жаста. Ал кенжем Сұлтан - 2,5 жаста. Екі ұлым да жоғары оқу орындарын тәмамдаған. Екі балам да спортпен айналысқан. Бірақ кәсіби деңгейде жетістіктерге жеткен жоқ. Ал енді менің жолымды  тек бауырларымның балалары мен немерелер қуатын секілді. Олар ақырындап күреспен айналысып келеді. Бастауы жаман емес секілді. Әрине, өзіміздің тұқымнан бір чемпион шықса деп армандаймыз ғой. Уақыт өзі бәріне төреші.

Еркін күрестен қазақ жастары арасынан асқаралы биікке көтеріліп, Қазақстанды әлемге танытқан балуанның спорттағы жарқын жолы осылай. Мәулен Мамыровтың еліміздегі еркін күрес спортында қалдырған жолы құс жолындай сайрап жатыр. Өмірін күреспен өрнектеген даңқты балуанның өмір жолы туралы аз-кем сөз тарқаттық. Мәулендей дара туған балуанның күрес тәсілі, жеткен жетістіктері туралы жас буынға кеңінен дәріптеудің маңызы зор деп білемін. Өйткені, бүгінгі күннің балуандарына Мәулен Сатымбайұлындай дара туған балуанның күресінен үйренер жақтары жетеді. Сондықтан да үлгі-өнеге ретінде балуанның күресі туралы методикалық оқу-жаттығу кітапшалары шығарылып, деректі филмьдер түсіріліп, спорттық оқу-орындарына насихатталып жатса нұр үстіне нұр болар еді.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

Н. Үсенова