Америкалық 50 жастағы жеңіл атлетші салауатты өмір салтын ұстану мақсатында адамдарға жаңа өмірдің есігін ашып берді.
Ден Карназес Гиннестің рекордтар кітабын жаңарту мақсатында 386,24 километрді 48 сағат ішінде жүгіріп өтпекке бекінген. Алдын ала теледидардан: "Бұл рекордты жаңартып, бүкіл Америкаға адам ағзасының теңдессіз күш-қуатын дәледеп берем! Дивандарыңыздан тұрып, қолдау көрсетіп, менімен бірге жүгіріңіздер", - деп тіл қатқан.
Сол сәтте-ақ марафоншының бұл сөзі көптеген адамдарға ой-түрткі салады. Нәтижесінде Американың бүкіл елді-мекенінен жүгірем деушілер табылып, Карназеспен бір қатарда сап түзген. Тікелей эфирде миллиондаған адам мыңдаған адамның үлкен ерлігін тамашалап отырыпты.
Жеңіл атлетші рекордқа өзгеріс енгізе алмағанымен, келесі мәселеде айқын жеңімпазға айналып үлгерді. Мәселен, әйгілі "Time" журналы Дин Карназесті "Әлемнің ең беделді жүз ері" қатарына жатқызса, "Men’s Fitness" журналы "Жер бетіндегі ең төзімді еркек" деп бағалаған.
Аталған атлетшінің тұла бойы, сана сезімі адам айтқысыз көрсеткіштерге қол жеткізіп, мүмкіндік тұрғысында ұшпаққа жетіп отыр. Оның көптеген жетістіктерін санамалап айтар болсақ, қырықтың қырқасында 350 мильді (560 км) үш күн бойына ұйықтамай, дамылсыз жүгіріп отырған; 49 градус ыстықта Калифорниядағы Өлім бетпағын басып өткен; Оңтүстік Жартышардағы алғашқы және соңғы марафонға қатысып, үздіктер санатына кірген; 44 жасында АҚШ-тың елу штатын елу күнде артта қалдырған.
Америкалық үшін алыс қашықтыққа жүгірудің бәрі жаттығу секілді көрінеді екен. Және жүгіріп өткен жолдан қалған сезімдерін ортаға салады:
Стэнфорд. Калифорния.
160 километр:
Дене ауырыңқырай бастайды.
224 километр:
Арнайы тіктірілген жұп кроссовка жарамай қалды. Балтыр, квадрицепс, кеуде тұстары ауыра бастады. Барлық тұс сыздап бара жатыр. Кей сәтте денем құрысады.
320 километр:
Ұйқысыз екінші түн. Таңертеңгілік жарықта екінші тыныс ашылып, жүгіру жеңілдей бастады.
336 километр:
Екінші жұп аяқ-киім де жарамай қалды. Титықтап кеттім. Бас жұмыс істеуден қалған. Өз денеңе сырттан қарап тұрғандай әсер аласың. Қысқасы, ауыр жағдай. Көмекшім үстіме мұздай су құйып әлек. Ештеңе көмектесер емес.
480 километр:
Міне осымен үшінші күні ұйықтамай, демалмай жүгіріп келе жатырмын. Сандыраққа еліткен адам секілдімін. Екі жаққа бұралаңдай бастадым. Түн ішінде жүгіріп бара жатып, ұйықтап кетем. Сондағы ұйқы қырық секундқа жетер-жетпес. Бір нәрселер елестей бастады. Құбыжық бірдемелер кесе-көлденең өтіп барады.
488 километр:
Ауырып бара жатқаны соншалықты, шыдамастан айқайлап жібергім келеді. Осы сәтте біресе күліп жіберем, біресе заржақтана бастаймын. Еселаңнның өзінен аумай қалдым.
496 километр:
Артта қалған шақырымдарға қараймын да өздігімнен жүгіре беруге тырысам. Асфальт үстіндей тыпырлай түсемін. Менің денем жүгіріп бара жатқан секілді, ал өзім қасында ілесіп жүрмін. Бастысы - ырғақты бұзбау. Барлық ойды лақтырып тастап, жүгіруге бейімделе түсу қажет.
544 километр:
Жаңа күш пайда болуда. Сағатына 16 километр жылдамдықпен жүгіріп бара жатырмын. Сезім кернеп барады. Аяқ астындағы жерді сезінуден қалдым. Қалықтап ұшып бара жатқандай әсердемін.
560 километр:
Ұзақ жолдан соң үш келі салмақ пен 40 000 калорияны күйдіріп жібердім. Адам айтқысыз рахат. Ұшпаққа ұшып бара жатқандай әсердемін. Аузыма қасықтап су тамызып, арнайы ұйқы қабына (мешок) салып жатыр. Бірден ұйықтап кетіп, ертеңгілік шат-шадыман болып ояндым.
сурет:divkino.com
Дайындаған: Фараби Арыстанбек