Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы жарақатына байланысты спорттағы мансабын аяқтады. Бұл туралы instagram желісіндегі парақшасында хабарлады.
Элизабет Тұрсынбаева 2000 жылы 14 ақпанда Мәскеуде дүниеге келген. Анасы жүкті кезде «Клеопатра» сериалын көріп, есімін актриса Элизабет Тейлор құрметіне қойған. Кішкентай кезінде тым нәзік болғандықтан ата-анасы мәнерлеп сырғанау секциясына берген.
Ең алғашқы жүлдесін 11 жасында иеленген. Жасөспірімдер арасындағы NRW Trophy турнирінде үшінші орын алған. Екі жылдан кейін Мәскеу біріншілігінде топ жарған. Әйгілі бапкер Этери Тутберидзе назарына ілігіп, қаланың құрамасы тізіміне енген. Кейіннен Қазақстан атынан қатысу үшін маңызды шешім қабылдаған.
Элизабет 2013 жылы танымал канадалық маман Брайан Орсер командасының қатарына қосылды. 3 жыл қатарынан (2014-2016) Қазақстан чемпионы атанды. Жасөспірімдер арасындағы Гран-При турнирінде (Германия) екінші орын алса, әлем чемпионатында күміс медаль еншіледі. 2015 жылы ересектер арасындағы жарыстарға қатыса бастады. Екінші жарысында-ақ жүлделі орыннан көрінді.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың күміс жүлдегері болды. 2017 жылы Азия ойындарында қола алды. Ал әлем чемпионатында үздік ондыққа еніп, Қазақстанға Олимпиада ойындарына екі жолдама сыйлады.
2018 жылы Олимпиадада отандасымыз 12-орыннан көрінді. Бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге ұмтылды. Ресейлік маман Этери Тутберидзе командасына қайта қосылды.
Элизабеттің ең маңызды жеңісі – әлем чемпионатындағы күміс жүлдесі. 2019 жылы Сайтамадағы жарыста Алина Загитовадан кейін екінші орын алды. Қысқа бағдарламаны сәтті өткізді. Еркін бағдарламада сальхов элементін орындаған ересектер арасындағы алғашқы спортшы атанды және осылай тарихта қалды.
Төрттік элементті орындау үшін спортшы 3 жыл дайындалған. Брайан Орсермен бірге дайындап, Тутберидзеге келгенде пысықтай түскен.
Элизабеттің жарқын мансабы ерте аяқталды. Өкінішке қарай спортшы арқасындағы ауыр жарақатына байланысты спорттағы жолын жалғастырмайтын болды.
Қазақстан біраз жыл мәнерлеп сырғанау жарыстарынан жүлде алмайды-ау. Лизаның орнын басатын спортшы тәрбиелеп үлгермедік. Қазақстанда қысқы спортта бір лидер кетсе оның орнын басатын ізбасарлар жоқ. Лиза енді жаттықтырушы ретінде өз ізбасарын тәрбиелесе деген тілек. Лиза әйелдер арасында халықаралық жарыстарда төрттік элемент орындаған алғашқы мәнерлеп сырғанаушы ретінде мәңгі тарихта қалмақ. Жарақат болмағанда ақпанда Пекин олимпиадасына жүлдеге таласуға барар еді. Ресей мен Жапония қыздарымен иық тіресе жарысқа түсе алатын санаулының бірі еді. Енді бапкер болып олимп шыңын бағындырсын... - деп жазды белгілі спорт журналисі Руслан Меделбек.
Спортшы өткен жылы Мәскеудегі университеттің халықаралық журналистика факультетіне түскен. «Дарын» жастар сыйлығының, «Халық сүйіктісі» марапатының және «Жылдың үздік спортшысы» атағын иеленген.
Ел сенімін ақтаған Элизабеттің алдағы өмір жолына сәттілік пен толағай табыс тілейміз!