19-22 маусым аралығында Қарағандыда қыршын кеткен аса дарынды боксшы Ермек Серіковті еске түсіруге арналған жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтеді. Бірінші рет өткелі отырған жарыс Серік Сәпиев атындағы спорт кешенінде байрағын желбіретеді.
Ермек Серіков ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алған ең жас боксшылардың бірі болды. Жасөспірімдер мен жастар арасында Азияның үш дүркін чемпионы атанып, 2005 жылы Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем біріншілігінің күміс жүлдесін иеленді. Талантты боксшының қарымын байқаған бапкерлер Ермекті 2009 жылы Миланда өтетін әлем біріншілігіне апармақ ниетте болған. Алайда, 2009 жылдың тамыз айында ол қандықол қарақшының қолынан қаза табады.
1989 жылы дүниеге келген Ермек Серіков жастайынан-ақ қатарластарының алды болған. Шаршы алаңның шаңын қаптырып жүрген жас боксшы қарсыластарының көбін уақытынан бұрын нокаутпен ұтып жүрген. «Қазақтың Тайсоны» деген лақап атқа ие болған талантты боксшыны кәсіпқой боксқа ауысқан Геннадий Головкин бірге жаттығып, тәжірибе жинауға шақырған. Болашақ әлем чемпионымен өткізген бір айында Ермек көп нәрсені үйреніп қайтады. Тіпті Геннадий Головкиннің промоутерлері жас талантты жібергісі келмей, кәсіпқой боксқа ауысуын да қалаған. Бірақ Ермектің алдымен Геннадий Головкин секілді әлем немесе Олимпиада ойындарының тұғырында көріну туралы арманы болған екен...
Ермек Серіков 2009 жылы, небәрі 20 жасында дүниеден озды. Жасындай жарқ еткен қазақ боксшының жарық жұлдызы ерте сөнді. Туған қаласы Шахтинсктегі мейрамханалардың бірінде басталған дау-дамайды жастар қала сыртында шешуге ұйғарады. Белгіленген жерге еш алаңсыз жеткен спортшыға белгісіз біреу оқ атқан. Ауыр жарақат алып, көп қан жоғалтқан боксшыны дәрігерлер аман алып қала алмаған. Ал боксшыны бақилыққа аттандырған қандықол қарақшы екі жарым жылдай уақыт өткеннен кейін Ресейде ұсталып, Қазақстанға жеткізіледі. Ол кінәсін толықтай мойындамағанымен, 7,5 жылға бас бостандығынан айырылады. 2013 жылдың қаңтар айында Владимир Щепин түрмеде жүрек талмасынан қайтыс болған.
Шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмаған Ермек Серіков спорттық мансабында 150-ге жуық кездесу өткізген екен. Жеті рет қарсыласымен тең жұдырықтасқан. Ал ұпай айырмасы жеңіліс тапқан кездесулері жоқтың қасы.