- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Дінмұхаммед Қонаев Жақсылық...
Дінмұхаммед Қонаев Жақсылық Үшкемпіровті қалай бағалаған?
Грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, әлем кубогінің иегері, даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров бүгін 64 жасқа толып отыр. Ол ұлтының қолын «алтынға» жеткізіп, мәртебесін теңіздей тасытқан, Олимпиада жекпе-жегінде олжа салған тұңғыш қазақ.
Жақсылық Үшкемпіров 1951 жылдың 6 мамырында Жамбыл облысына қарасты Тегістік ауылында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін, Семей қаласындағы мал дәрігерлік институтына түсіп, зоотехникалық мамандықты таңдаған. Жақсылық Үшкемпіров 1974 жылы институтты тәмамдап, қазақ жеріне еңбегі сіңген жаттықтырушы В.А. Писаревтің басшылығымен Алматыға ат басын бұрады. Кішкентайынан қазақша күреспен айналысқан ол жоғары оқу орнында білім алып жүріп, күрестің классикалық және еркін түрлерімен шұғылдана бастаған. Роман Хасанұлы Ильматовтың кеңесімен 1970 жылдан бастап, өзіне таңсық күрестің жаңа классикалық түрімен айналысуды жөн көрген.
Жақсылық Үшкемпіров 1975 жылы КСРО халықтарының жазғы спартакиадасында чемпион атанды. Екі дүркін КСРО чемпионатында топ жарды (1975 жылы және 1980 жылы), алты рет жүлдегер болды. Бүкілодақтық ауыл спортшылары біріншілігінің алтын тұғырына түтінін үзбестен қатарынан тоғыз жыл табан тіреді. Яғни, тоғыз дүркін чемпион! Қазақстан чемпионатын әлденеше рет жеңіп алды.
1980 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы атанды. Қазақ қазақ болғалы Олимпиада дуына үкілеп балуан қосып, тұңғыш алтын медальды иеленді. Жақсылық Үшкемпіров грек-рим күресінде 1981 жылы әлем чемпионы атағын қанжығасына байлады. Одан соң әлем кубогінің иегері атанды (1982 ж).
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт тұлғаларының бірі Дінмұхаммед Қонаев Жақсылық Үшкемпіровпен кездескенде «менің бір жапырағым деп» деп мәз болып, кең құшағын айқара ашып қарсы алатын болған. Бұл туралы Төлеген Жәкітайұлының балуан туралы жазған сұхбат-хикаят кітабында Жақсылық Үшкемпіровтің өзі айта кеткен.
- Олимпиада жеңімпазы болып елге оралғаннан соң, Димаш аға Қонаев көмекшісі Д.Бекежанов арқылы мені іздестіріп, Алматы маңындағы «Қайрат» деген елдімекендегі арнайы демалыс орнына алып барды. Дінмұхамед Ахметұлы таяуда ғана Грекиядан оралған екен. «Грекиядағы Олимпиада тақтасынан сенің аты-жөніңді оқып, көңілім толқып, қанаттанып қайттым, қарағым Жақсылық. Өзің болып па едің онда?» - деді. «Иә, Димаш Ахметович, болғам», - деп жауап бердім. Мені қолтығына алып тұрып ол көпшілікке қарап: «Құрметті азаматтар! Жастар – болашақтың иесі. Мен тарихта қалармын, мүмкін қалмаспын, бірақ мына бір жапырақ болса да, ел мен жердің атын шығарған Жақсылық сияқты жігіттер қазақтың тарихында алтын әріппен жазылатыны даусыз. Бұл «менің бір жапырағымды» ұмытпаңдар, қолдаңдар, мақтан етіңдер. Жақсылық сияқты жастар – біздің жарқын болашағымыз, мақтанышымыз. Жақсылықтар – жастардың рухын көтеретін нағыз азаматтар деп толқи сөйлегені есімде, - дейді Жақсылық Үшкемпіров.
Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада және әлем чемпионана қазақ халқы зор денсаулық, қажымас қайрат тілейді. Мәскеу Олимпиадасының финалынан кейін айтқан балуанның «мен секілді чемпион атанған қазақ ұлдары көбейе берсін» деген тілегі қабыл бола берсін деген ниеттеміз.
Мақалаға Төлеген Жәкітайұлының Жақсылық Үшкемпіров туралы жазған сұхбат-хикаят кітабынан деректер алынды
О. Сансызбай