Мәнерлеп сырғанаудан Дюссельдорфта өткен жарыс соңынан Денис Тен «instagram» желісіндегі жеке парақшасында қолдау білдірген жанкүйерлеріне алғысын айтып, төрешілер шешіміне шешіміне қатысты таңданыс болғанын да жасырмады.
- Құрметті достарым, қолдауларыңызға мың алғыс! Германиядағы «NRW Trophy» турнирі мәресіне жетті. Көпшілігінің аздап болса да жарыс қорытындысындағы төрешілер шешіміне таңданыс танытқандары болды. Бірақ бұл енді маңызды емес. Алғаш рет жарыс аурасын сезініп мұз айдынға шыға бастадым. Шынымды айтсам, дәл қазір бабымда емеспін. Десе де жаңа жұмыс жоспарыма көштім. Барлық жаттығуларымның жүйесін, емделу мен жаттығуымның деңгейін өзгерттім. Бүгін өзім бағыт алған жоспарымның жүзеге асып келе жатқанына көзім жетіп, өзіме деген сенімім артты. Наурыз айындағы әлем чемпионатында нағыз бабымда боламын. Ал әзірге барлығы жоспар бойынша келеді. Алдағы өзгерістерге дайынмын, - деді спортшы.
Әлеуметтік желіде қалдырған хабарламасында спортшы 1 желтоқсан күні Загребке жол жүретіні туралы да айта кетті. Хорватияда қазақстандық спортшы «Golden Spin of Zagreb 2015» халықаралық турниріне қатысатын болады. Бұл жарыс 7-12 желтоқсан аралығында өтеді.