Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі ресми фан-қауымдастығындағы жазылушыларының сұрақтарына жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тен жазылушылардың ең үздік 10 сұрағына жауап берді, оларды топтың президенті жинаған. Олардың арасында спортшының жағдайы мен денсаулығына қатысты бірнеше сұрақ болды. Сонымен қатар, жанкүйерлер үйлену тойының қашан болатынын сұрапты. Ол сұраққа спортшы "жуырда" деп жауап берді.
Денис Тен жанкүйерлеріне бала кезде өмірін киноиндустриямен байланыстырғысы келгенін айтты. Бірнеше сценарий жазған. "Балалық шағымда мәнерлеп сырғанау саласында ұзақ болмайтыныма және біртіндеп режиссерлыққа немесе актерлыққа ауысатыныма сенімді едім", - деді Тен. Сонымен қатар, ол бір кездері мәнерлеп сырғанау туралы ресейлік фильмнің эпизодына түскенін айтты.
Сондай-ақ, Тен бүкіл Қазақстанды аралап шыққысы келетінін айтты, ол қазақ халқының қалай өмір сүріп жатқанын көргісі келеді. Мәнерлеп сырғанаушының айтуынша, ол қанша елде болса да, Қазақстаннан артығын көрмепті.
Денис Теннің айтуынша, ол бір кездері Қазақстанда мәнерлеп сырғанауды үйрететін мектеп немесе академия ашуды армандапты. "Ондай ойлар, идеялар бар. Бірақ бірінші кезекте мен спортшымын, мен әзірше өз мансабыма көңіл бөлуім керек", - деді ол. Ол өз мансабын аяқтар кезде Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау саласын дамытумен айналысуы мүмкін екенін айтты.