Бүгін – қазақ боксының атасы, Қазақ ССР-інің 3 дүркін чемпионы, “спорт шебері” деген атақты алған тұңғыш қазақ Шоқыр Бөлтекұлының туған күні.
Шоқыр Бөлтекұлы 1916 жылы 29 қазан күні Маңғыстау облысы, Жармыш ауылының маңында Сарқауақ деген жерде дүниеге келген. Отызыншы жылдардағы ашаршылық, аласапыран тұста Форт-Шевченко қаласындағы жетiмдер үйiнде оқып, орта мектептi бiтiрдi.
Ұлы Отан соғысына қатысып, 1944 жылы жарақаттанып елге оралады. Шоқыр Бөлтекұлы рингте 223 кездесу өткізіп, оның 199-ында жеңіске жеткен.
Шоқыр Бөлтекұлы “Ноқтаға басы симай кеткен” (Шерхан Мұртаза) аз қазақтың бірі еді. Кеңестік Республиканың қалышынан қаны тамып тұрған уақытта да тегін -ов деп жаздырмай Бөлтекұлы боп қалып, көп таяқ жеген, қудаланған қазақ зиялыларының бірі болған. Кезінде Бейімбет Майлин, Бауыржан Момышұлы сынды қазақтың марғасқаларымен араласып тұрған.
Бауыржан Момышұлы: “Екі қазақ бар бірі – мен, екіншісі – Шоқыр” деген екен. Оның тегін жаздырарда Кабанов деген тергеушімен сөзге келіп, “Мен қабанның емес, Бөлтектің ұлымын” деген сөзі аңыз боп тараған.
Атақты боксшы Киевте оқыған. Елге бір қолына бокс қолғабын, бір қолына қылқаламын ұстап оралған. Себебі боксшы спортпен бірге өнерді де сүйіп, сурет салатын дарыны болған. Сөйтіп, 1947 жылы Киевтегі Көркемсурет академиясын және Дене тәрбиесі институтын бітірген.
Шаршы алаңның шаңын қаққан боксшы ізбасар шәкірт тәрбиелеп, боксқа баулу үшін алақандай алаң іздеп, Опера және балет театрының бір бөлмесін сұрап алады. 1937 жылы Шоқыр Бөлтекұлының басшылығымен бокстан Алматы қаласының ресми бiрiншiлiгi өттi. Оған 50 спортшы қатысқан. 1947 жылы Мәскеуде өткен Кеңестер Одағының бiрiншiлiгiне Қазақ елiнiң құрама командасын Шоқыр атамыз бастап барды. Оның мектебiнен Мақсұт Омаров, Әбдiсалан Нұрмаханов, Серiк Әбдiнәлиев, Виктор және Владимир Каримовтар, Асқар Құлыбаев секiлдi талантты шәкiрттер тәрбиеленiп шықты.
Ол республикада жаттықтырушылар қатарының көбеюіне де үлкен үлес қосты. Қуғын-сүргінге ұшырап, Қарлаг-та жүрген жаттықтырушылар Густав Кирштейн (неміс) мен Дәулеткерей Мулаевты (балқар) түрмеден босатып, оларды Алматыға әкеліп жаттықтырушы қызметіне орналасуына көп еңбек сіңірді.
Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылы 78 жасында Алматы қаласында дүниеден озды.
Қазіргі таңда Шоқыр Бөлтекұлының есімін құрметтеу мақсатындағы бірқатар шаралар іске асырылып жүр. Оның туған топырағы Маңғыстау облысында Ш.Бөлтекұлының атындағы халықаралық турнир дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл турнир былтыр төртінші рет өткен тұста Қазақстан Республикасы бокс Федерациясының шешімімен жеңімпазға спорт шебері атағы берілетін болды. Маңғыстау облысының Маңғыстау аудынының орталығында Шоқыр Бөлтекұлының атындағы спорт кешені салынып, спортшылардың игілігіне берілді. Сонымен бірге Ақтау қаласында Шоқыр Бөлтекұлының атымен аталатын боксшылар клубы құрылды.