Футболдан Бразилия ұлттық құрамасының ең танымал жанкүйері Кловис Фернандес 60 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ол 9 жыл бойы қатерлі ісік ауруымен күресіп келген екен.
Кловис Акоста Фернандестің жалпы жұртқа жайылған аты – Gaucho da Copa (кубок ұстаған Гаучо) болатын. Ол соңғы 24 жыл бойы Бразилия құрамасының барлық ойындарына қатысқан. Қарияны жанкүйерлер мен тілшілер ұлттық құраманың он екінші ойыншысы санайтын еді.
Әлемге танымал жанкүйер 1990 жылдан бастап ұлттық құраманың 150-ден астам ойындарын алаңда отырып тамашалаған. Америка кубогы, Олимпиада, Конфедерация кубогы мен әлем чемпионатында құрамасына жанкүйерлік танытып, әлемнің 60-қа жуық елдерін аралаған. 2014 жылы Бразилия құрамасы Германиядан ойсырай жеңілгеннен кейін Кловис Акоста Фернандес қолындағы кубогын неміс аруына сыйға тартқан-ды. Бұл сәт миллиондаған жанкүйерлердің жүрегін бір тебіренткен еді.