- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Бір Олимпиадада екі...
Бір Олимпиадада екі бірдей спорт түрінен жеңімпаз атанған спортшы
ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары аяқталғанмен, айтулы оқиғалары мен жаңарған рекордтары әлі де айтылып, әлі де жазылады. Ал біздің айтпағымыз – Пхенчхандағы Олимпиадаға екі спорт түрінен қатысып, екеуінен де жеңімпаз атанған чех спортшысы Эстер Ледечка жайында болмақ.
17 ақпан күні Чехия құрамасының қоржынына алғашқы алтын медаль түсті. Оны тау-шаңғы спортынан (супергигант) Эстер Ледечка жеңіп алды. Чехтар бөркін аспанға атты. Себебі спортшы қыз сноубордтан да бір жүлде аларына сенді.
Эстер супергигант сайысында фаворитер қатарында емес еді. Бұл спорт түрімен айналысып жатқанына 2 жыл ғана болған спортшы әлем кубогы кезеңдерінде 7-ші орыннан жоғары нәтиже көрсетпеген. Ал сноубордпен 5 жылдан бері шұғылданып келеді екен. Ол тау-шаңғысына қарағанда сноубордпен кәсіби түрде көбірек айналысқан. Осы спорт түрімен танылған.
22 жастағы спортшы 24 ақпан күні сноубордтан да (паралель гигант слалом) Олимпиада чемпионы атанды. Чемпион атанып қана қоймай, сенсация жасады. Қысқы Олимпиада ойындарында спорттың екі түрінен алтын алған үшінші спортшы атанды.
1924 және 1928 жылдары шаңғы жарысы мен қоссайыстан норвег шаңғышылары Торлейф Хауг пен Йохан Гроттумсбратен жеңімпаз болған. Ол кезде Олимпиада ойындары енді ғана бастау алып келе жатқанын ескере кету де керек. Әуесқой спортшылар саны басым болды. Қазір әр спорт түрінен төртжылдықтың басты додасына кіл мықты спортшылар іріктеліп барады. Сондықтан Эстердің жетістігі – жетістік-ақ.
Эстер Ледечка ата-анасымен Чехия таулы өңірінде тұрады. Спортшы шаңғы мен сноуборд мектебіне қатар қатысқан. Олимпиада алдында жаттықтырушылары екі спорттың бірін таңдауға да кеңес берген.
- Маған жаттықтырушыларым шаңғы не сноубордты таңдауды ұсынды. Екеуін қатар алып жүріп ешқандай жетістікке жете алмайтынымды ескертті. Мен қарсы болдым. Олар тағы қарсы болса, келісімді бұзып, өзге жаттықтырушы іздейтінімді айттым, - дейді спортшы басылымдарға берген сұхбатында.
Спортшының жаттықтырушысы Томас Банк те шәкіртінің қайтпас қайсарлығы мен жеңіске деген жігеріне тәнті болды.
- Біздің арнайы жаттығатын жүйеміз бар. Үш апта шаңғы спортымен, үш апта сноубордтпен шұғылданамыз. Мәселен тау-шаңғы спортына дайындықты Чилиде, ал сноуборд жарыстарына дайындықты Еуропада өткіземіз. Бұл жетістік – Эстердің тынымсыз еңбегінің жемісі, - дейді жаттықтырушысы.
Олимпиада қорытындысы бойынша Чехия құрамасы сапындағы өзге спортшылар жеңімпаз атана алған жоқ. Жүлдегерлер қатарынан көрінгендер бар. 2 алтын 2 күміс 3 қола медальмен жалпы есепте 14-орын алды.
О. Сансызбай