Бойы аласа танымал футболшылар

Спортта дене әлеуетінің маңызы зор. Бірақ, талантты жан қашан да топ жаруға талпынады. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға әлемге танымал бойы аласа футболшылар туралы ақпарат ұсынамыз.

Санти Касорла, «Арсенал»


«Арсенал» командасы мен Испания құрамасының ойыншысының алаңдағы қызметі – соңғы жартылай қорғаушы. Бойы 167 сантиметрді құрайтын Касорла лондондық клуб сапындағы ең техникалық шеберлігі мол және шабуылды жақсы ұйымдастыратын футболшы ретінде танымал.

Бернард, «Шахтер Донецк»


Әлем чемпионатында өзінің жанкүйерлерінің көп екенін көрсеткен футболшылардың бірі. «Мундиальда» Бернард өнер көрсеткен алаңдағы ойын жүйесінде өзге де футболшылар болған. Десе де, бас бапкер Луиш Филипе Сколари бойы 164 сантиметрді құрайтын осы футболшыны шақырды. Бірақ, Бернард жанкүйерлер үмітін мүлде ақтамаған ойыншылар қатарынан табылды.

Себастьян Джовинко, «Ювентус»


Өзінің спорттық мансабында жетістікке ең көп қол жеткізген футболшылардың бірі. Тіпті, италиялықтар бұл ойыншыны Мессиге де теңейді. Бойы 163 сантиметрді құрайтын Себастьян Джовинко туриндік «Ювентуста» жоғарғы деңгейдегі ойын өрнегінен ауытқыған емес.

Педро, «Барселона»


Бұл футболшы каталондық клубтың талантты түлектерінің бірі. Бойы 169 сантиметрді құрайтын Педро 1987 жылы дүниеге келген. Шабуылшы қызметін атқаратын футболшы бұл маусымда да «Барселонаны» алға сүйреуге дайын.

Алексис Санчес, «Арсенал»


Чилилік футболшы өткен маусымды «Барселонаның» қосалқы құрам ойыншысы ретінде бастап, кейіннен командада маңызды рөл атқаратын футболшыға айналды. Әлем чемпионатындағы тамаша ойын өрнегінен кейін Алексиске «Арсенал» құда түсті. Келіссөздер нәтижесінде шабуылшы Лондоннан бір-ақ шықты. Ал бұл футболшының бойы – 169 сантиметр.

Матье Вальбуэна, «Динамо Москва»


Жақында ғана «Марсельден» мәскеулік «Динамоға» ауысқан жартылай қорғаушының бойы 167 сантиметрді құрайды. Матье Вальбуэна – өте еңбекқор жартылай қорғаушы. Мұны Франция құрамасы сапында әлем чемпионатында көрсеткен өнерінен де байқадық.

Дрис Мертенс, «Наполи»


Алаңда вингер рөлін атқаратын бельгиялық футболшының бойы – 169 сантиметр. Неапольдық «Наполиде» өнер көрсететін Дрис Мертенс 1987 жылы дүниеге келген. Ұлттық құрама сапына 2010 жылдан бері шақыртылып келеді.

Лионель Месси, «Барселона»


Бала кезінде ауруға шалдығып, бойы өспей қалған Лионель Месси бүгінде бүкіл әлемді талантына бас идіріп үлгерді. Ал аргентиналық сұрмергеннің бойы – 169 сантиметр. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.ru, footballtop.ru, goal.net.ua.