Астаналық "Барыс" Континеталды хоккей лигасы аясындағы плэй-офф сериясының алғашқы раундында Магнитогорсктің "Металлург" командасының алдына шықты, деп хабарлайды massaget.kz тілшісі
Астанада өткен серияның үшінші ойынында қазақстандықтар 3:2 есебімен жеңіске жетті. Есепті бірінші болып қонақтар ашты. Жетінші минутта Металлург командасының ойыншысы Юхаматти Аалтонен көзге түсіп, шайбаны қақпаға тоғытты. Дегенмен тағы жеті минут өткенде Барыс командасының ойыншысы Найджел Доус таразы басын теңестірді.
Екінші периодта ойынның қарқыны алғашқыдай болмады. Қақпаларға қарымды шабуылдар сирек болды. Сол сирек шабуылдардың ішінде қазақстандық Андрей Гаврилин қанжығасына бір шайбаны байлады. Соңғы жиырма минуттықта астаналық Эндрю Хатчинсонның бағы жанып командаластарының қанжығасына екінші шайбаны байлап берді. Ақырғы ысқырыққа 2 минут қалғанда "Металлуртың" өкілі Сергей Мозякин командасына бір шайба сыйлады.
Соңғы секундтарда қонақтар "Барыс" командасының қақпасына шабуылды үдете түсті. Дегенмен, отандастарымыз ол шабуылдарға абыроймен қарсы тұрып, КХЛ-дің плэй-офф сериясында өзінің тарихында алғаш рет жеңіске жетті.
Матч өткен Астандағы "Қазақстан" спорт сарайына еліміздің президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп ойынды тамашалады.
Келесі матч бүгін, яғни 5 наурызда Астана қаласындағы осы "Қазақстан" спорт сарайында өтеді.
суреттер: hcbarys.kz, championat.com