Бала Мэнни Пакьяо дүниеге келген кезде бір шөкім күріш те болмаған екен. Жоқшылық пен қиыншылықты көп көрген Мэнни шыңдала түсіп, 8 салмақ дәрежесінде әлемдік біріншіліктерде жүлде алып, әлемнің нөмірі бірінші боксшыларының қатарына көтерілді.
Осындай ірі-ірі жетістіктерге жетсе де, боксшы өзінің қайыршылық күн көрген қиын балалық шағын ұмытпайды. Ол бірде қомақты қаржы тігілген бокс жекпе-жегіне шығып, одан ұтқан қаржысына Сарангани аумағындағы туған ауылы Тангода кедей тұрғындарға арнап тұрғын үй салып беруге шешім қабылдады. Тіпті мұнымен тоқтап қалмады. Бүгінде бұл үйлерде мыңдаған отбасы тұрады.
Пакман Вилладждың тұрғындары
Мэнни кедейлерге арнап тұрғызылған шағын ауданды Пакман Вилладж деп атады. Әр үй екі отбасыға арнап есептелген. Айтпақшы, Пакман (Pac-Man) — бұл боксшының лақап аты.
Жаңа ауданда спортпен айналысуға арналған ашық-жабық алаңдар, қоғамдық саябақ пен көпфункционалды орталық бар.
Пакьяо көпбалалы кедей отбасында өмірге келді. Ол отбасына көмектесу үшін 12 жасында мектепті тастауға мәжбүр болды. Жастайынан отбасылық наубайханада жұмыс істеп, көшеде тоқаш сатты. Сол уақыттан бері Мэннидің боксқа деген қызығушылығы пайда болып, ол ағасымен бірге жаттыға бастады.
Боксшы өз отбасымен
Ағасы Мэннидің бала күнінен-ақ рухы биік азамат екенін байқап: "Ол жаттығу үшін әр күнін таңғы 4-те бастайтын. Жарты жыл тынымсыз тер төккенін көріп, мен оның чемпион боларына нық сендім. Айтқаным айнымай келді", - дейді.
Бүгінде Мэнни өз елінде аса қадірменді, құрметті әрі танымал тұлға болып саналады.
Өзінің инстаграм желісіне салған бұл суретке боксшы былай деп жазған еді: «Бұл – өмір. «Сіз елдің дамуы үшін не істей алдыңыз?» – деген сұрақ қойылған сәтте үнсіз қалсам, мені сынайды. Не істегенімді көрсетсем тағы да сынайды».
Иә, бұл өмір. Алға жылжыған адамды үйде, жылы жерде отырып сынап-мінеу оңай... Осындай қажырлы еңбегі мен талантын ұштап, толағай табысқа жеткен биік рухты азаматтың бұл ісі қандай құрметке де лайық!