Қыздарымыз жігіттермен қатар бокста елеулі жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Өткен аптада жігіттеріміз "Астана арландары" Бүкіләлемдік бокс сериясы аясында өтіп жатқан бірінші жартылай финалда "Dinamo" былғары қолғап шеберлерін тізе бүктірсе, нәзік жанды боксшыларымыз Азия чемпионатында әдемі өнер көрсетіп, бізді бір қуантып жіберді. Қазақстанның намысын қорғаған ару қыздарымыз Азия чемпионатында төрт бірдей медальді қоржындарына салып әкелді. Бұл чемпионат Монғолия жерінде өтіп кеткен болатын.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Юлдуз Махматкулова күміс медальға қол жеткізіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Тағы бір аруымыз Ләззат Күнгейбаева бәсекелестерінен басым түсіп, Юлдуз секілді күміс медальді қанжығасына байлады.
Азия чемпионатының қола жүлдегерлері болып салмақ дәрежелері 54 және 64 келіге дейінгі Гүлжан Әкімова мен Фирюза Шарипова танылды.
Бір қызығы бұл тартысты додаға 19 елден келген 86 спортшы қатысқан. Біздің қыздарымыздың көрсеткен өнері өте жоғары дәрежеде болғанын тағы да бір рет айтып кету керек. Жарайсыңдар, қыздар!
Сурет: tradevv.com