Әйгілі норвег биатлоншысы, 8 дүркін Олимпиада чемпионы Уле-Эйнар Бьорндален Пхенчханда өтетін ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына қатыспайды. 43 жастағы спортшы Норвегия құрамасына тізіміне енбей қалды. Уле-Эйнар Бьорндален ақ Олимпиадаға іріктеу кезеңінде жоғары нәтиже көрсете алмады. 10 қаңтар күні Рупольдингте (Германия) өткен әлем кубогының бесінші кезеңінде 42-орыннан көрініп, Олимпиада талабына сай көрсеткішті орындай алмады. Пхенчханға келу үшін әлем кубогының бір кезеңінде үздік алтылыққа немесе екі рет он екі спортшының қатарына ену керек еді. Ал норвег биатлоншысының үздік көрсеткіші 18-орыннан ары аспады. Уле-Эйнар Бьорндален 1994 жылдан бері Олимпиада ойындарына қатысып келген норвег биатлоншысы. 8 дүркін Олимпиада, 20 дүркін әлем чемпионы атағына ие. Пхенчханға жолы түскенде, спорттық мансабындағы жетінші Олимпиадасына қатысқан болар еді.