- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Аршавиннен не үйренуге...
Аршавиннен не үйренуге болады?
Жақында ғана футболдан Қазақстан премьер-лигасы өз мәресіне жетіп, 2017 жылғы ел чемпионы анықталды. Аршавиндей азулы аяқдопшысы бар алматылық «Қайрат» футбол клубы бұл жылы да екінші орынға тұрақтап, күміс жүлдені місе тұтты. Кезінде Еуропаның үздік командаларының бірінде өнер көрсетіп, «Алтын доп» жүлдесіне үміткер болған Аршавин «Қайрат» сапына келіп қосылғанда жанкүйерлердің бір серпіліп қалғаны анық. Лондондық «Арсенал» командасының құрамында 2009 жылы «Ливерпуль» футбол клубына қарсы өткізген ойынында покер жасап (4 гол соғып), күллі әлемнің назарын аударған. Әлемдегі ең үздік футболшылармен терезесі тең дәрежеде өнер көрсетуге әлеуеті жететінін байқатқан. Иә, осы матчтан кейін Англияның барлық басылымдары Андрей Аршавиннің футболдың болашақ жарқын жұлдызы екенін жарыса жазған еді. Ресейлік футболшы 2016 жылы «Қайрат» командасымен келісімшартқа отырғанда, алматылық ұжымның қарқыны үдей түсетінін, Чемпиондар лигасында өнер көрсетуге мүмкіндіктері туатынын бағамдадық. Расында, Ел біріншілігінде жағдайын ушықтырып, чемпиондық атаққа таласудың ауылынан алыстаған «Қайрат» командасы Аршавиннің құрамаға қосылуымен жағдайын жақсартты. Жанкүйерлер Аршавиннің алғашқы голына тек бесінші «Ақтөбе» футбол клубына қарсы өткізген ойынында куә болды. Ал екінші голын Андрей тағы да 5 матчтан кейін соқты. 12 тур аясында «Оқжетпес» командасына екі гол соғып, дубль авторы атанды. Жалпы, Аршавин 2016 жылы ауыз толтырып айтарлықтай сенсация жасамаса да, маңызды матчтарда гол соғып, команданы алға сүйреп жүрді. Жасыл алаңда жалпы саны 32 матч өткізіп, 10 гол соқса, 7 нәтижелік пастың авторы атанып, 5 мәрте сары қағаз алды. «Қайраттың» шабуылшысы 2016 жылғы Қазақстан премьер-лигасы сұрмергендерінің үздік ондығына кірді. Ал «Қайрат» футбол клубы бойынша алдына Жерар Гоу мен Бауыржан Исламханды жіберіп, үздік үштіктің қатарына орнықты. Андрей Аршавин 2017 жылғы ел біріншілігінде де ерекше көзге түсіп, команданың маңызды ойыншысына айналды.
Бұл жылы ел біріншілігіндегі алғашқы голын екінші турда «Ақжайық» командасына соқты. 36 жастағы футболшы команданың жеңіске деген жігерін ынталандырып, әрқашан көшбасшы болуға тырысып жүрді. Мысалы, «Оқжетпес» командасына 0:2 есебімен ұтылып жатқанда гол соғып, қақпа кілтін ашып берді. Содан соң алматылықтар 5 минуттың ішінде тағы да екі гол соғып, соңғы сәттерде жеңісті жұлып алды. Аршавиннің 2017 жылғы Қазақстан премьер-лигасында «Астана» командасына соққан голын ел біріншілігінде ең әдемі, үздік голдардың біріне жатқызуға болады. Бұл маусымда 25 матч өткізіп, 7 мәрте сұрмергендігімен көзге түсіп, Еуропа чемпионатында 4 ойында 2 гол (біреуі пенальтидан) соқты. Ресей құрамасының бұрынғы капитаны «Қайрат» сапында өткізген екі маусымда 50-ге жуық матчта жасыл алаңға шығып, 19 рет қарсылас команданың қақпасын дәл көздеген.
Ендігі мәселе – «Тарихы тереңде жатқан, қазақ футболының барлық аңыздары доп тепкен «Қайрат» командасының қазіргі ойыншылары Аршавиннен не үйреніп жүр? Жалпы, «не үйренулері керек?» деген сұрақ. «Табиғатымнан көшбасшымын, көшбасшылыққа ұмтылмай тұра алмаймын», – дейді ол. Бәлкім, «Қайраттың» Еуропада өте сәтсіз ойнағанына өкпелеген шығар. «Қайрат» командасындағы әріптестеріне де ақыл-кеңесін айтып, бар білгенімен бөлісетінін де атап өтті. «Мен командадағы ойыншыларға көп ақыл айтамын. Бірақ олар мені тыңдағаннан гөрі, маған жиі ренжиді. Алайда, мен басқалай істей алмаймын», – деп әріптестерінің қателіктеріне жиі ескерту жасайтынын тілге тиек еткен еді.
Елімізге танымал журналист Қыдырбек Рысбек: «Қазақ баласы Мессиден үйренсе, жарасады. Бірақ Аршавиннің не үйрететінін біле алмадым. Жалпы, Аршавин емес, Роналдо, Неймар сынды саңлақтарды үлгі тұтқан жарасады. Орыс футболы әзірге әлем жұртына «мынадай жұлдызым бар» деп мақтана алмайды», – деп ресейлік футболшыдан үйренетін дүниенің көп емес екенін алға тартты. Спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен өзге пікірде екен. Ол: «Аршавин – Ағылшын премьер-лигасында доп тепкен, Еуропа чемпионатында ойнаған өте тәжірибелі ойыншы. Сондықтан Аршавиннен әріптестерінің үйренері көп, әсіресе Андреймен бір позицияда ойнайтын футболшылардың тәжірибе жинауға мүмкіндіктері мол. Жалпы, легионерлерді алудағы басты мақсат – жас ойыншылардың соған қарап бой түзеп, деңгейін өсіру», – дейді. Сондай-ақ, бұл сауалды «Қайрат» футбол клубының бұрынғы (2004-2006жж) ойыншысы, экс-капитаны, Қазақстанның төрт рет ең үздік ойыншысы атанған Самат Смақовқа қойып, пікірін білдік. Ол өз сөзінде: «Ең алдымен Аршавиннен кәсібилікті үйрену керек. Аршавин доппен қалай жұмыс істеу керек екенін, жасыл алаңдағы шеберлігінің қандай екенін көрсете біледі. Ол өз кәсібін шексіз сүйеді, соның арқасында осындай дәрежеге қол жеткізді. Біздің футболшылар да кәсібін шексіз сүйіп, сол жолда аянбауы керек» – деп кәсібилікке шақырды.
Иә, бұл кісілердің пікірін ескеруге болады. Дегенмен, жаттығу алаңында Аршавинмен бірге жаттығып, бір командада өнер көрсететін әріптестерінің не үйреніп жүргенін өздерінен де сұрап білдік. «Қайрат» командасының тәжірибелі қорғаушысы Елдос Ахметов: «Аршавин алаңда да, алаңнан тыс та ақыл-кеңесін айтып жүреді. Ол жасыл алаңда әріптестерінің ашылғанын әрқашан бақылап, ойынның барысын жақсы болжамдай алады. Әлбетте, әлемдік аренада доп тепкен тәжірибелі Аршавиннен көп нәрсеге үйренуге болады», – деді.
«Қайрат» командасының жас әрі талантты ойыншысы, команда сапындағы дебюттік голын «Астана» командасына соққан Айбол Әбікен: «Аршавин –аңыз адам, өз ісінің нағыз шебері. Оны алаңдағы екінші бапкер деп айтса да болады. Маған оның ойынындағы сабырлығы өте қатты ұнайды», – дейді. Команданың тағы бір жас ойыншысы, жартылай қорғаушы Ойбек Балтабаев: «Аршавиннен көп нәрсе үйренуге болады. Маған оның көшбасшылық қабілеті қатты ұнайды. Андрейден жасыл алаңда тез ойланып, қалай жылдам шешім қабылдау керектігін үйренгім келеді. Ол маусым барысында көптеген пайдалы кеңестер беріп, ұмытылмас әсер қалдырды», – деді.
Не десек те, футболшыларымыздың ресейлік футболшы-мен тәжірибе алмасып, қажетті дүниелерін үйреніп жатқаны қуантады. Айтпақшы, Аршавин «Қайрат» командасымен келісімшартын ұзартқанын БАҚ құралдары жазды. Ол тағы бір маусым алматылық ұжымның сапында болатын болды. Біздің арман сол, Аршавин барда Еуропа лигасының ширек финалына жетіп құлау. Болашақта Аршавинсіз де сондай жетістікке жетсек, қанекей!
@. @assel_assanova