Әли өміріндегі әйелдер

Әли өміріндегі әйелдер
Фото: Getty Images, Sputnik International, amazon.zom

Бокс дегенде бірден ойға оралатын, тіпті жекпе-жектері жайлы білмесе де, көрмесе де әлем халқы айрықша ардақ тұтар тұлғаның бірі – Мұхаммед Әли (Кассиус Маркеллус Клэй). Оның есімі мен бокс ұғымы егіз секілді. 

Даңқты боксшының жеке өмірі аса құпия емес. Отбасылық жағдайы да жалпақ жұртқа аян. Ресми түрде төрт рет үйленген.

Әлем таныған боксшыны жақсы көрген арулар қаншама? Оның жанынан сәнбике де, актриса да, әнші де, биші де табылды.

Бала кезінде Әли өте ұялшақ болған. Қыздар сөзбен, болмаса көзбен қағыта кетсе, тілі күрмеліп, үн қатпай қалады екен. Бірақ алғашқы әйелімен танысқанда бәрі басқаша болған деседі...

Мұхаммед Әли бірінші әйелі Сонжди Роймен шаңырақ көтергенде жиырма жасқа енді ғана толған. Өзі - боксшы, ал әйелі мейрамханалардың бірінде даяшы болды. Түстенем деп барып танысқан. Бір ай ғана таныс болып жүріп, ары қарай ресми түрде неке қиған.

Бастапқыда боксшы өмірі ертегі іспетті болды. Мейрамхана, клуб, кино... Бәрі-бәрі кезегімен өтіп жатты. Жұбайын жұрт алдында алып жүруден бір сәт те арланбады. Себебі Сонджи қара торының хас сұлуы болатын. Өзіндік талғамы мен киім үлгісі де боксшыны таң-тамаша қылатын.

Бір қиын тұсы - ол мұсылман емес еді... Ал Кассиус Клей болса "Ислам ұлты" қозғалысы құрамына қосылып үлгерген.

"Әйеліңе ислам дінін қабылдат, үйде отырсын" деп боксшыға үгіттегендер көп болды. Оның ішінде ұйым басшысы да бар еді. Боксшы өзгенің айтқанына құлақ аспауға тырысты. Бірақ Санджимен ұзақ отаса алмады. Араларында ұрпақ та болған жоқ. 1965 жылдың жазында екеуі біржола ажырасу жайлы шешім қабылдады.  

Мұхаммед Әли чемпион атанып, атағы жер жарып тұрған кез. Жалғыздығы да ұзақ жылдарға созылған жоқ. 1967 жылдың 17 тамызында Белинда Бойдпен үйленді. Ол да қара нәсілді қыз болатын. Ол алған әйелдің барлығы қара нәсілді. Бәлкім, "Ислам ұйымының" осындай шарты болуы да мүмкін...

Белинда өте жас болды. Мұхаммед Әлиге тұрмысқа шыққанда 17 жаста еді. Боксшы болса 25-ке келген кезі. Екінші жұбайы алғашқысы секілді аса сұлу емес. Бірақ тартымды, бір көргенде баурап алатын жылы шырайлы болатын. Ерінің айтқанына қарсылық танытқан жоқ. Бірден ислам дінін қабылдап, есімін Халила Али деп өзгертті.

Мұхаммед Әли кішкентайынан тәтті тағамдарды жақсы көрді. Бірде кофе мен тәтті нан жеу үшін мұсылмандарға арналған шағын мейрамханаға бас сұғады. Белинданы осында кездестіреді. Боксшы өз өмірбаянында осы бір сәт жайлы да жазады.

- Мұсылман кондитерлік орталығында неге өзге дін өкілі жұмыс істеп жүр деген ой келді. Демек ол осы жолға жақын жүрген. Тек дұрыс бағыт сілтеу ғана қажет еді, - деп еске алады әйелінің ислам дінін қабылдағаны жайлы.

1968 жылы екі жас бала сүйді. Боксшының қызы Мариюм дүниеге келді. Араға 2 жыл сала егіз қыздары Джамила мен Рашида өмір есігін ашты. 1972 жылы боксшының ізбасары Мұхаммед Әли (кішісі) өмірге келді. Бірақ 1970 жылдардан кейін екі жас арасына сызат түсе бастады. Боксшының соңынан ерген арулар көп болды. Әсіресе Вероника Поршпен қарым-қатынасы әммеге аян бола бастады.

Мұхаммед Әли мен Халила 1977 жылы ақыры ажырасып тынды. Ал ол кезде боксшының Вероникадан Хана есімді қызы болды. Ал үйленген кездерінде үшінші әйелінің аяғы Лейлаға ауыр еді. Кейіннен Лейла Али әке жолын қуып, абсолютті әлем чемпионы атанды.

Спортшы мен фотомодель 9 жыл некеде болды. Вероника отбасылық өмірлеріне жеңіл-желпі қарады. Боксшының өзге әйелден туған балалары жайлы естісе де, құлақ аспауға тырысты. Себебі өзі де Хананы солай тапты емес пе? Ал "Ислам ұлты" қозғалысы Әлиге "әй" деген жоқ. Элайдж Мұхаммед көз жұмып, орнына келген Уоллестің боксшымен жұмысы болмады.

1986 жылы Мұхаммед Әли мен Вероника Порш ешқандай айқай-шусыз ажырасып, екі жаққа кетті. Осы жылдың күзінде боксшы төртінші рет үйленді. Бала кездегі танысы Иоланта Уильямспен отау құрды. Оны бәрі Лонни деп еркелететін. Сол Лонни спортшы соңғы сапарға аттанғанға дейін жанында болды. 30 жыл...

Екеуі бала сүйген жоқ. Бес жасар бала Ассад Аминді (1981 жылғы) асырап алды. Ол да кәсіби спортшы болды. Бірақ боксшы емес, бейсболшы.

Лонни Мұхаммед Әли үшін көп еңбек сіңірді. Кәсібі мен діндегі жолын жалғады. Оған әрқашан қолдау білдіріп, жағдайын жасай білді.

Дертке шалдыққан боксшыдан Лонни теріс айналған жоқ. Керісінше спортшының қоғамнан бөлініп қалмауы үшін күш салды. Екеуі әлемді аралап саяхат жасады. Түрлі спорттық шараларда құрметті қонақ болды.

Спортшының туыстары Лонни Мұхаммед Әлидің жанында байлығы үшін жүр деген ойда болды. Ол ойларынан айныған да емес. Бірақ Лонни боксшыға адал жар болып, қайырымдылық ісін жалғай білді. Паркинсон дертіне шалдыққандарға көмек қолын созатын орталық құрды. Түрлі қайырымдылық қорларының ашылуына септігін тигізді.

- Желіде Мұхаммед Әли мен Лоннидің қартайған шақтағы жан тебірентер бір суреті бар. Лонни ерінің басынан сүйіп тұрған сәт. Ол ешқандай да арнайы жасалған фото емес, шынайы сезімнің көрінісі. Лонниді көпшілік бекер кінәлайды. Ол барлық әйелдерінің арасында боксшыға нағыз қолдау білдіріп, қорған бола білді, - деп жазады жазушы Пол Морган "Мұхаммед Әли: ғасыр жекпе-жегі" атты кітабында.

Мұхаммед Әли 2016 жылдың 3 маусымында дүниеден озды.

О. Сансызбай