Әлемнің ең сұлу теннисшілерінің бірі саналатын Ана Иванович спорттық мансабын аяқтады. Бұл туралы спортшының өзі «facebook» желісіндегі парақшасында жазды.
28 жастағы теннисші қыркүйек айында жарақатына байланысты маусымды ерте аяқтаған еді. Сондай-ақ аяғының саусақтарына ота жасатқан болатын.
- Мен кәсіби мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Бұл - өте ауыр шешім болды. Дегенмен қуанатын, шаттыққа кенелетін шақтарымыз әлі алда деп білемін. Мен 5 жасымнан теннисші болуды армандадым. Сол арманыма жеттім де. Әлемнің бірінші ракеткасы атандым. «Роллан Гарросты» ұттым, «WTA» санатындағы 15 турнирде жеңімпаз тұғырынан көріндім. Талай тартысты ойындармен жанкүйерлер есінде қалдым. Сербиялық қыз үшін бұл нашар көрсеткіш емес, - деді спортшы.
- Соңғы уақытта жарақатым көп мазалағаны рас. Мен тек 100 % сауыққанда ғана кортқа шыққым келді. Өкінішке орай, мұны күтсем, уақыт өтіп барады. Сондықтан да осындай шешім қабылдауға тура келді. Алда спорт пен салауатты өмір салтын сақтау жолында еңбектенетін боламын. Бизнес, сұлулық пен сән саласында да бағымды сынап көрмекпін. Сондай-ақ «UNICEF»-тегі жұмысыма да көбірек уақыт табылатын болады, - деп жазды Ана Иванович.
Айта кетейік, сербиялық теннисші жазда белгілі неміс футболшысы Бастиан Швайнштайгерге тұрмысқа шыққан еді.