Алекс Фергюсонның жолын жалғағандар (II)

Алекс Фергюсонның жолын жалғағандар (II)

Басы

"Манчестер Юнайтед" бапкері сэр Алекс Фергюсонның жолын қуған шәкірттері туралы әңгімемізді жалғастырамыз.

Брайан Робсон

«Манчестер Юнайтедте» ойнаған жылдары: 1981 – 1994.
Бапкерлік мансабы: "Мидлсбро": 1994 – 2001; "Брэдфорд Сити": 2003-2004; "Вест Бромвич": 2004-2006; "Шеффилд Юнайтед": 2007-2008; Таиланд ұлттық құрамасы: 2009-2011.

Брайан Робсон өз заманында «қызыл сойқандардың» жұлдызы болды. 1981 жылы премьер-лига трансферлік рекордын бұзды. Манчестерлік командаға ауысып келу құны 1,5 миллион фунтты құрады. Команданың алаң ортасындағы негізгі көшбасшысына айналды. 1990-шы жылдары Алекс Фергюсон тәрбиесімен футболшы арманындағы белестерді бағындырды. 1994 жылы «Мидлсброның» ойыншы бапкері болып ауысып кетті. Қазіргі таңда футболдан Таиланд құрамасын жаттықтырып келеді.

Рой Кин

«Манчестер Юнайтедте» ойнаған жылдары: 1993 – 2005.
Бапкерлік мансабы: "Сандерленд": 2006-2008; "Ипсвич": 2009-2011.

1990-шы жылдары Рой Кин «Манчестер Юнайтедтің» әйгілі жұлдыздары Пол Инс пен Брайан Робсон клубтан кеткеннен кейін солардың орнын басты. Ал Кантона кеткеннен кейін «жұлдыз» болып шыға келді. Алекс Фергюсон командасымен жоғарғы жетістіктерге жетті. Аты әлемге танылды. 2006 жылы командаластары мен жанкүйерлері алдында даулы мәселе туып, командадан кетті. Бас бапкер ойыншыны кешірмеді. Жартылай қорғаушы спорттық мансабын «Селтикте» аяқтады.

Рой Киннің де бапкерлік қызметі Инс пен Робсондікі сынды нәтижелі бола қойған жоқ. Ағылшындық «Сандерленд» пен «Ипсвич» командаларымен жоғарғы жетістіктерге жете алмады. Қазіргі таңда Ирландия ұлттық құрамасы бапкері Мартин О’Нил-дің көмекшісі қызметін атқарып жүр.

Марк Хьюз

«Манчестер Юнайтедте» ойнаған жылдары: 1980 - 1986; 1988 – 1995.
Бапкерлік мансабы: Уэльс құрамасы: 1999-2004; "Блэкберн": 2004-2008; "Манчестер Сити": 2008-2009; "Фулхэм": 2010-2011; "Куинз Парк Рейнджерс": 2012; "Сток Сити": 2013-қ.т.

Алекс Фергюсон «Манчестер Юнайтедті» баптауды қолға алғанда Марк Хьюз каталондық «Барселонаға» ауысты. Кейіннен «Баварияда» да ойнағанмен футболшының ойыны жүре қоймады. 1988 жылы «Олд Траффордқа» қайта оралды. Эрик Кантонамен бірігіп ағылшын премьер-лигасын шулата бастады. Негізгі құрамдағы ойыншыға айналған Марк Хьюз үлкен жетістіктерге жетті. 1995 жылы қосалқы құрамда ойнауды жөн санамай, өзге клубқа ауысты.

Бапкерлік мансабын Уэльс құрамасынан бастады. Кейіннен ағылшынның "Блэкберн" (2004-2008), "Манчестер Сити" (2008-2009), "Фулхэм" (2010-2011), "Куинз Парк Рейнджерс" (2012) командаларын баптады. Қазіргі таңда бар тәжірибесін «Сток Сити» командасына салып келеді.

Жалғасы бар

Дайындаған: Әкежан Дәкен

сурет: ntv.ru

Massaget