WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша бокстан орта салмақтағы әлем чемпионы отандасымыз Геннадий Головкин MLB батыс лигасының үздік командалары «Лос-Анджелес Доджерс» пен «Майами Марлинс» арасындағы ойынды салтанатты түрде бастап берді.
Кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген қазақстандық боксшы «Dodger Stadium» аренасындағы салтанатты шараға құрметті қонақ ретінде алғаш рет қатысып отырған жоқ. Осыған дейін де «Лос-Анджелес» және «Сан-Диего» кездесулерінде ойынды бастап берген болатын.
Салтанатты шараға Геннадий Головкиннің егізі Максим Головкин мен тағы бір қазақстандық боксшы Руслан Мәдиев те қатысты.
Айта кетейік, қазақстандық боксшы 16 мамыр күні мансабындағы 33-ші жекпе-жегін өткізеді. Геннадий Головкин мен Вилли Монро арасындағы жекпе-жек АҚШ-тың Калифорния штатына қарасты Инглвуд қаласында орналасқан «The Forum» аренасында өтеді. Осыған дейін GGG екі рет салмақ өлшеу рәсімінен өтсе, Вилли Монро әлі салмағын өлшеткен жоқ. Бәлкім чемпиондық атақты иелене алмасына көзі жеткен болар. Кездесуге бір күн қалғанда Вилли Монроның салмағы 160 фунттан асар болса, онда ол Геннадий Головкиннің WBA тұжырымы бойынша чемпиондық атағына таласа алмайды.
Ұқсас жазба
Головкиндердің шаршы алаңдағы серті қандай?