Қазақстандық танымал футболшы Самат Смақов ұлттық құрамадағы мансабын аяқтады. Бұл туралы футболшының өзі «Қазақстан» ұлттық арнасының тікелей эфирінде айтты.
— Бұл менің ұлттық құрама сапындағы соңғы ойыным болды. Бұл шешімді қабылдау маған оңай болған жоқ. Ұзақ ойландым. Бірақ, жастарға жол беру керек. Менің соңғы ойыныма келген жанкүйерлерге алғысым шексіз, - деді футболшы.
37 жастағы қазақстандық футболшы ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынын 2000 жылы өткізген. Команда сапында ең көп ойынға қатысқан футболшы. 75 рет ұлттық құрама жейдесінде алаңға шыққан. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
Самат Смақов 2011 жылы ұлттық құрамадағы мансабын аяқтап, кейіннен араға 3 жыл салып қайта оралған-ды. Бұл жолы біржола кеткенін айтты.
- Ол кезде жастау болдым. Ал қазір екі айдан кейін 38 жасқа толамын. Уақытында абыроймен кеткен дұрыс. Қазіргі команданың болашағынан үлкен үміт күтуге болады, - деді Самат Смақов.
Самат Смақов клубтық деңгейдегі мансабын жалғастыра беретін болады. Бүгінде Шымкенттің «Ордабасы» клубында ойнайды.
Айта кетейік, ұлттық құрама Самат Смақов капитан болып шыққан соңғы ойында Румыния құрамасымен тең ойнады.