Әйгілі футболшы Криштиану Роналду мен ресейлік сәнбике Ирина Шейктің махаббат хикаясы «мәресіне жеткен» секілді. Батыстық басылымдар қос ғашықтың айырылысып тынғаны туралы басты беттерінде жаза бастады.
Испандық El Mundo басылымы футболшы мен сәнбикенің айырылысуына байланысты түрлі жорамалдарды тізіп шыққан. Олардың айырылысып кеткенін - «Алтын доп» иегерін анықтайтын салтанатты кешке Роналдудың жалғыз келуімен байланыстырып отыр. Ал Ирина Шейк болса, 29 жасқа толған туған күнін жалғыз атап өтіпті. Сонымен қатар, әлеуметтік желіге үш түрлі шоқ гүлімен қоса, «өмірімде бірінші рет мұндай сый алдым» деп жазба қалдырған. Одан өзге ресейлік сәнбикенің Роналдудың анасының туған күніне келмегенін де мысалға алған.
Батыстық кей ақпарат құралдары Ирина Шейктың әлеуметтік желідегі «әрекеттерінен-ақ» айырылысып кеткендері ақиқат деп хабарлауда. Себебі, 2013 жылы мадридтік «Реал» шабуылшысы «Алтын допты» иеленгенде «менің жігітім жеңімпаз» деп жаһанға жар салған болатын. Ал биыл Роналдуды мүлде ұмыт қалдырған. Ешбір әлеуметтік желі арқылы құттықтамаған да көрінеді.
Айта кетейік, Криштиану Роналду «Алтын доп» алдында «Globe Soccer Awards» жүйесінде үздік футболшы болып танылған Дубайдағы салтанатты кешке де жалғыз барған болатын.
Криштиану Роналду мен Ирина Шейк арасындағы махаббат хикаясы - 2010 жылғы «Armani» жарнамасына түскеннен кейін өрбіген еді.
Сурет: photos.toofab.com