Биатлон. ӘЧ-да спортшымыз күміс медальді қанжығасына байлады

Биатлон. ӘЧ-да спортшымыз күміс медальді қанжығасына байлады

"Финляндияның Контиолахти қаласында биатлоннан жастар арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық спортшымыз Галина Вишневская жеке жарыста екінші орынға қол жеткізіп, қанжығасына күміс медаль байлады" деген ақпарат  Халықаралық биатлонисттер одағының ресми сайтында жарияланды.

Тартысты доданың алтын медаль иегері болып неміс споршысы Юлия Бартолмаес танылды. Юлия оқты нысанаға үш рет тигізе алмағанымен, 10 шақырымдық қашықтықты 40 минут 35,2 секунд ішінде өтіп шыққан болатын. Біздің Галина болса, оқты нысанаға екі рет тигізе алмай, жеңімпаздан 18,9 с артта қалған. Қола медаль Норвегиядан келген Хильда Феннаға бұйырды. Хильда Фенна нысанаға алты  оқ тигізбей, жеңімпаздан 29,8 с артта қалды.

Қазақстанның намысын қорғап жүрген тағы бір спортшымыз Александра Сасина 46 орыннан көрінсе, отандасымыз Анастасия Кондратьева мәре сызығын 55-ші болып кесіп өтті. Тағы бір спортшымыз Елизавета Бельченко бұл жарыста тек 66- нәтижеден көріне алды. Естеріңізге сала кетсек, бүгін жігіттер арасында 12,5 шақырымдық жарыста төрт бірдей қазақстандық спортшымыз өнер көрсетпек.

Форумда талқылау

Сурет: Фото РИА Новости©