Шаш күтімі: жыныстық теңдік

Шаш күтімі: жыныстық теңдік

Қазіргі сусабындар тек «функциональдық» сипатына (майлы, құрғақ, әлсіз шаштарға арналған) емес, жыныс белгісіне қарай да бөлініп жатыр. Мұндай сегрегацияға қандай негіз бар? Шынымен, шаш күтімі де  жынысқа байланысты  екіге бөліне ме? Осы сұрақтардың жауабын назарларыңызға ұсынамыз.    

Қыздар мен жігіттер

Ер мен әйелге негізі ортақ шашқа да жыныс айырмашылығының қатысы бар болып шықты. Мысалы, әдетте ерлердің шашы әйелдердің шашына қарағанда, майлы болады. Бұл - ерлер гормоны, тестостеронмен тікелей байланысты.       

Жасөспірімдердің басым бөлігінің, жынысына қарамай, акне, тері ауруына жиі шалдығулары кездейсоқ емес. Мұның себебі, дәл осы жаста екі жыныста да тек ерлер гормонының өсуі байқалады. Кейін ғана, қыздарда әйелдер гормоны, эстроген көбейеді.    

Тестостеронның ықпалымен кішкентай балалардың жұқа шашы қатайып, тез өсе бастайды. Басын жуу жиілігіне қарамастан, жасөспірім шағына дейін шықпаған қайызғақ пайда болады.  

Ер адамдарда тестостерон түзілу процесі ешнәрсемен қалыпқа келтірілмейді. Оның үстіне осы гормон адам шашының түсуіне әкеледі. Көп мөлшерде май түзейтін шаш фолликулы сол майдың көптігінен шаш өсірмей тастайды. 

Жүктемені үлестіру

 Ер адам шашы, әдетте, әйел шашынан аз өмір сүреді (себебі, оларда әр шаш фолликулының өмірін ұзартатын эстроген жоқ). Дегенмен, тестостеронның және оған тәуелді май жинау процесінің арқасында, ер адам шашы жуан және қатты болады. Ең қынжылтатыны, олар сұлулық үшін әйелдер жиі баратын түрлі сынақтарға (шашты бояу, бұйралау, түзету, ұйыстыру, ыстық ауа және химиялық реагенттер қолдану) әлдеқайда төзімді болып келеді... Ал еркектер ыстық бигуди мен бояуды айтпағанда, фенді де қолданбайды. Оған қоса, ерлер шаштарын қысқа етіп қидыртады. Құнарлы заттар мөлшері шаштың ұзындығына қарай өзгермейді. Яғни, қысқа шашта құнарлы заттар концентрациясы жоғары болады. Сондықтан қысқа шаш әлдеқайда жақсы «қоректенеді».

Екіжақты стандарт

Мұның барлығы әйелдер мен ерлерге арнап сусабын шығарылған кезде ескерілуі қажет. Мәселе тіпті қайызғақтың алдын алу және емдеу сияқты бір ғана бағыттағы сусабындар туралы болса да, жынысына қарай бөлу керек. «Ерлер» сусабынында «тазартқыш» қоспа (поверхностно-активные вещества) қолданылуы тиіс, немесе оның қоюлығы жоғары болу қажет. Сонымен қатар, еркектерге арналған сусабында шаштың құрылысын қалпына келтіретін емдік заттар азырақ болады.

Айтпақшы, әйелдер сусабынында да емдік қоспалардың қажеті шамалы дейтіндер қателеседі. «Тазартқыш» қоспа барлық емдік әсерін бөгеп тұрады-мыс. Шын мәнінде, зақымдалған шаш бөлігінің кері катионды заряды сау бөлігімен салыстырғанда, қатты болады. Ал сусабынға қосылатын пайдалы қоспалар керісінше, оң зарядты. Нәтижесінде, қажетті бөлшектер қажетті жерлерге санаулы секундтар ішінде жабысып, сусабынды шайып тастағаннан кейін де, шашты қалпына келтіруін жалғастырады. 

Ал «қасқабастанудан» қорғайтын сусабындарға ер адамдардың сенбегені абзал. Әрине, оған шаштың әлсіз тамырын нығайтатын заттар қосуға болады. Дегенмен, түсіп қалған шашты қайта өсіруге және күрделі ауруға ұшыраған шашқа әзірге ешбір сусабын тоқтата алмайды. Қарапайым ақиқатты есте ұстаңыз: ерлерге арналған сусабын шаштың жақсы көрінуіне ғана көмектеседі. Және, физиологиялық сипатына қарай негізінен ерлерде жиі ұшырасатын қайызғақты кетіреді (бірақ нәзік жандарда да қайызғақ болуы мүмкін).       

Бәрі керісінше

Егер ер адам «әйел» сусабынын қолданса, не болады және керісінше? Біріншіден және ең бастысы – қорқынышты ештеңе болмайды. Сусабын құрамында терінің жеке гормонды жағдайына әсер ететін гормондар жоқ. Оның үстіне, шашына «әйелдерше» күтім жасайтын, бояп, сәндейтін еркектердің дәл «әйелдер» сусабынын қолданғаны дұрыс та шығар.

Ал ерлерге арналған тазалық құралын қолданатын қыз-келіншектердің жалпы ерлер косметикасында «тазартқыш» қоспасы көбірек болатынын, яғни тері мен шашты тым құрғатып жіберу қаупі барын есте ұстағаны абзал.

Психологиялық фактор

Шаштың иісі де өте маңызды. Ер адамдарға ұзын бұйра шаш та жараса беруі мүмкін, ал нәзік жандарға қысқа шаш үйлесіп жатады. Дегенмен, қысқа шашты сымбатты жігіттің басынан шабдалы, карамель иісі шығып тұрса, оғаш көрінері анық. Ал шашынан ментол не ветивер иісі аңқып тұрған қыз нәзік жан сипаты тұрақталған қағидаға сиымсыз сияқты. Сонымен қатар, шаш  өз құрылысының арқасында дененің басқа мүшесіне қарағанда, иісті ұзақ сақтайды. Сондықтан, сусабынды тез жуып тастағанның өзінде, иісі шашта ұзаққа қалады.  

Әрине, шаштың иісі оның құрылысына, сұлулығына әсер етпейді. Дегенмен, сусабын таңдағанда, мұны да естен шығармаған жөн. Себебі, толық образыңыз үшін жұпар иіс маңызды нота болмақ. 

Сурет zdorovieinfo.ru сайтынан алынған