Форд «Т» үлгісі

Форд «Т» үлгісі

 Әлемдегі ең танымал автокөлік – Форд «Т» үлгісі жайында әңгімелесейік. «Форд» атауына мән беріп көрдіңіз бе? «Форд» атауы осы автокөлікті шығарған өнеркәсіптің басшысы Генри Фордтың құрметіне қойылған.1903 жылы Генри Форд екі, төрт, алты цилиндрлі:“А”,”F”,“В”,“С”,“R”,К”,“N” үлгісіндегі автокөліктерді шығарумен айналыса бастады. Өз атының әлемге мәшһүр болатынын бәлкім, білді, бәлкім, білмеді, дегенмен, мыңдаған автокөлік иелерін өзіне табындырған «Фордтың» тарихы кім-кімді де қызықтырмай қоймас. «Өмірін» 1903 жылдан бастаған автокөліктің құрылымы жыл сайын өзгеріп отырды. Тек 1908 жылы нағыз  Форд «Т» үлгісі  шығарылды, оның басты конструкторы – инженер  Гарольд С. Уилле болатын. Гарольд С. Уилле автокөлік құрылымына қандай жаңалық әкелді? Бұл үлгідегі қозғалтқыш түрі: қатарынан орналасқан төрт цилиндрлі, көлемі 2998 см, қуаты 17,3 кВт (24 л.с.) Екі баспалдақты беріліс қорабының жұмыс атқаруы қол тежегішінің бұрандасы мен педаль арқылы жүзеге асатын. Бұл көліктің сыпайы түрде қалай аталатыны мүлде қызық: «Лиззи!» Болаттан жасалған көлік  өте берік әрі салоны  кең, барлық агрегаттары су  өтпейтін қаптармен жабылған. Қандай жағдай болса да, көлік барынша сенімді,  өйткені,  оның жақсы өткізгіштік қасиеті массасы мен жоғарғы клиренсіне байланысты. 1910  жылы Форд сынақтан өтеді, содан кейін ағылшын автоклубының техник  мамандары:  «Автомобиль салмағы (658 кг) екі осіне теңбе-тең бөлінеді» - деген тұжырымға  тоқтайды. Көліктің жылдамдығы бір баспалдақты тәртіпте 10-68 км/сағ.  дейін жететін.  1909 жылы Генри Форд тек «Т» үлгісін шығару керек деген шешімге келеді. Бұл шешімі  әлбетте, дұрыс шешім болатын, себебі, 1909-1910 жылдар  аралығында автокөліктің  бағасы 950 долларды құрап, сатылған көлік саны 18664-ке  жетті. Бір жылдан кейін көлік  бағасы 780 долларға дейін төмендейді, сатылған көлік  саны 34528 болады. Көлік шығарылуы көбейген сайын оның бағасы да арзандай береді. 1913 жылы Форд автокөлікті  конвейерде жинай бастайды, машинаның бағасы 350 долларға дейін түсіп, 1917-18 жылдары 785432 данасы сатылады. 1923 жылы күн сайын 10000 дана «Лиззи» конвейерден шығатын болған. 1927 жылы шығарылған көлік саны 15007033- ға дейін жетеді. Рекордтық көрсеткіш деуге болатын шығар! Бірақ, осы жылы әйгілі «Фордтың» шығарылуы аяқталады.

Суреттер chronoton.ru сайтынан алынған