Ең қымбат мультфильм

Ең қымбат мультфильм

Өткен ғасырдың басында түсірілген ең алғашқы мультфильмнен кейін бұл сала бірте-бірте дами бастады. Мультфильмдер түрлі түстерге боялып, бұл жанрдың жаңа бағыттары пайда болды.

2010 жылы Walt Disney компаниясы «Рапунцель: Шиеленіске толы хикая» («Tangled») мультфильмін жарыққа шығарды. Бұл туынды анимация тарихындағы ең қымбат мультфильм болып табылады. Кинолентаның бюджеті 260 миллион АҚШ долларын құрайды. Мұндай қаржы өз уақытында «Сақиналар әміршісі» трилогиясына кеткен болатын.


Мультипликациялық туынды жарыққа шыққан кезде, біраз сыншылар фильмнің өз қаржысын ақтай алмайтыны туралы кертартпа болжамдарын айтқан еді. Алайда, шашы ұзын қыз туралы мультфильм бүкіл әлем бойынша 318 миллион АҚШ долларын тапты.

«Рапунцель: Шиеленіске толы хикая» - 3D форматта түсірілген алғашқы мультфильмдердің бірі. Ағайынды Гриммдердің аталған шығармасының желісімен түсірілген фильмде басты кейіпкер қамауда болған бұрымды ару, оның өгей анасы және де ақ боз атты ханзадасы туралы баяндалады. Сүйкімді кейіпкерлер мен ғажайып көріністерге толы мультфильм жарыққа шыққан бойда көпшілік назарын өзіне қаратты. Анимациялық туынды Walt Disney компаниясының тарихындағы қайталанбас шығармалардың бірі болды.

Шашының ұзындығы 21 метрге жететін басты кейіпкердің бейнесін салу бұрын-соңды ешкімнің қолынан келмеп еді. Фильм авторлары өткен ғасырлардың шығармаларына қарап, компьютерлік анимация мен дәстүрлі сурет салу техникасын пайдалана отырып, мультпликациялық шығарманы 3D форматта жасаған болатын.


Техникалық мамандармен қатар, мультфильмнің тартымды болуына сценарийстер де еңбек сіңірді. Олар ертегі желісіне аздап өзгерістер енгізіп, оқиғаны қызықтыруды көздеді. 

Мультфильмді көрген жандар фильмге неліктен көп қаржы кеткенін бірден аңғарады. Расында да, жоғары сапалы 3D-анимация, табиғат, сүйкімді кейіпкерлер мен олардың іс-әрекеттерінің шынайы бейнелері үлкен қаржы мен еңбекті талап етті.

Суреттер: ptah-blog.com, fast-torrent.org 

Ғ. Ұзақ