Ресми әңгімелесуді үйренеміз

Ресми әңгімелесуді үйренеміз
Фото: zib.com

Таныс емес ортаға барғанда өзіңді жайсыз сезініп, қонақтармен әңгімелесуден қашып, көлеңкеде отырып қайтуды ойласаң, мына мақалаға назар аудар. Ресми әңгімелерге араласуды үйрен.

1. Қай жаққа бара жатсаң да, позитивті көңіл-күйді ұстан. Іштей өз-өзіңді "жақсы көңіл көтеріп қайтуға бара жатырмын" деп үгіттеп бар. "Жақсы таныстар табамын, кеш керемет өтеді" деп ойла. "Тағы да үндемей, екі ауыз сөздің басын қоса алмай отырамын" деген ойлардан аулақ бол.

Сонымен қатар, киім де үлкен роль атқарады. Бұл жерде мәселе киімнің қымбаттылығында емес, ыңғайлылығында. Күнде джинсы киіп үйренгендіктен пиджак не галстук тағып алып, қайта-қайта жөндеу, не болмаса "көйлегім жарасып тұр ма екен" деп ойлай беру, әлбетте жайлы отырып, әңгіме айтуға кедергі болады. Сол себепті, алдын ала қандай стильдегі киімдерді кию керек екенін сұрастырып ал.

2. Әрдайым әңгімелесушінің көзіне қара, тым құрығанда мұрын кеңсірігіне қарап тұруға тырыс. Көзіңді жалтақтатып, басқа жаққа қарай берсең, әңгімелесуші адам саған қызықсыз болып тұр деп ойлайды.

Кез келген кеште бір жерде тұрма. Ешкімді танымасаң да, залға қарай жүріп қонақтармен сәлемдесіп, әрдайым жымиып жүр. Сонымен қатар, қолыңа шырын құйылған бокал ұстап алған жөн. Бір жағынан қолың бос болмайды, екінші жағынан әңгімелесушімен «пауза» болғанда, шырыннан алып отырып, келеңсіздікті жабасың.

3. Қандай да бір достарың ұйымдастырған кешке қонаққа келсең, ұйымдастырушыға қонақтармен таныстыруын сұра. Осы кезде қонақтардың аттарымен қатар, жеке ақпараттары да ашылады. Зер салып, әңгімелсуге болатын адамдарды қарайластыр. Біреумен бір ауылда туылуың мүмкін, не бір университетте оқуың мүмкін және т.б.

Егер де ресми кешке шақырылған болсаң, сені елге таныстыратын адам табыла бермейді. Сол себепті өзің кірісуің керек. Комплимент айтудан бастауға болады. Алайда тым жекелікке салынып, үйіп-төгудің қажеті жоқ. Әйел адам болса парфюм, көйлегін айтып мақтап қойсаңыз болады. Ал ерлерге сағатын не галстугын айқындасаңыз жеткілікті.

Ресми әңгімелесудің басқа жолы – өзің жайлы айту. Тыңдай біл және сұрақ қоя біл.

– Жаңа жылдық демалыста не жоспарлап жүрсіз?

– Шаңғы тебуге тауға барсам ба деп едім...

– Коньки тебу бұйырмай-ақ қойды, техникасын түсіне алмадым ба...

Сұрақ қой және өзің де соған жауап беруге тырыс. Бұл не дегенмен диалог қой, монолог емес. Шынайы бол. Егер тақырып саған қызық емес болса, қызыққан адамның кейпін танытпа. Тақырыпты өзгерт, не әңгімелесетін адамды өзгерт.

4. Ресми әңгіме ұзаққа созылмайды. Кеш бойы бір адаммен әңгімелесіп жүремін деп ойлама. Әңгіме бастаған адам біраз уақыттан соң кетіп қалса, ренжи көрме.

Сен де сол ережені ұстан. Кеш барысында қайта сол адаммен жолығып қалсаң, не әңгімені тоқтату қажет болса "Танысқаныма қуаныштымын. Тағы көрісерміз" деп басқа жаққа бұрылып кетсең болады.

A. Mustafina