Бас сақинасы ауруы

Бас сақинасы ауруы

Әлемдегі әрбір бесінші адам бас ауруынан зардап шегеді екен. Олардың көбі бас сақинасы ауруына шалдыққандар. Бас сақинасы кезінде басыңыз жиі ауырып, кейде дәрі де көмектеспейтін дәрежеге жетеді. Көбінесе мұндай ауруға 20 мен 40 жас аралығындағы адамдар ұшырайды екен. Аурудың неден пайда болатыны әзірге белгісіз, бірақ көбінесе жұмысты ойлауды қажет ететін адамдардың осы аурумен ауыратыны анықталып отыр. Бас сақинасына тән ерекшелік: бастың бір бөлігі ауырады, көбінесе самай мен маңдай тұсында және көз айналасында пайда болады. Ауырған адам жарық пен дыбысты жақтырмай, көз көруі қиындап, жүрегі айнып, құсуы да мүмкін.

Әдетте бас сақинасы қатты күйзелгенде, шектен тыс жұмыс істегенде, шаршағанда өршиді. Сонымен қатар бас сақинасымен нәзік жандылар ерлерге қарағанда 3-4 есе көп ауырады. Бұл олардың тым сезімтал келуімен түсіндіріледі. Жуырда дәрігерлер әйел адамдарда бас ауруын қоздыратын тағы бір себепті анықтады – бұл жүктіліктен сақтандыратын дәрілер екен. Дәрі-дәрмектерді дұрыс таңдамаған жағдайда немесе сол  әйелдің гормоналды деңгейімен сәйкес келмейтін жағдайда, дәрігер кеңесінсіз пайдаланғанда, етеккір келген уақытта   контрацептивтерді дұрыс таңдамаудан гормон саны жоғарылап, соның салдарынан бас ауыратын жағдайлар көптеп кездеседі.

Әлбетте бас ауруының барлық түрі бас сақинасы болып саналмайды. Аптасына 1-2 күн, не күнде басыңыз ауырса, бұл бас сақинасы ауруына шалдыққандығы жайлы ақпар береді. Бас ауру ұстамасы ұстаған кезде дәрі-дәрмектер де көмектеспей қалатын кездер болады. Мұндайда мануалды терапевтерге қаралған жөн. Олар мойын омыртқасы мен бастағы тиісті нүктелерге массаж жасау арқылы бас ауруды жазуға, не жеңілдетуге тырысады. Бірақ, әлбетте ауруды асқындырып алмай, ертерек емдету қажет.

Бас ауруы басталып жатқанда тәтті тіске басармен қою қара шай, не кофе ішіп алғаныңыз жөн. Сонымен қатар глюкоза ауру ұстамасының алдын алуға көмектеседі. Анальгин және тағы басқа ауруды басатын дәрілер ауруды емдемейді, тек уақытша басады. Ең дұрысы бас сақинасы ұстағанда қараңғы бөлмеге кіріп, 2-3 сағат ұйықтап алу.

Бас ауруын зерттеу және оны жазу өте күрделі. Сол себепті алдын алуға тырысыңыз. Алкоголь, темекі сияқты ағзаға кері әсерін тигізетін құмарлықтан аулақ болған жөн. Жұмысыңыз отыруды көп қажет ететін болса, арасында үзіліс жасап, мойыныңызға, басыңызға жаттығулар жасаңыз. Қан дұрыс айналуы үшін тұрақты спортпен шұғылданған жөн, таза ауада көп серуендеңіз. Уақытылы тамақтанып, ағзаға пайдалы дәрумендерді ішіп тұрыңыз.

Деніңіз сау болсын!

Сурет alebed.org сайтынан алынды.

A. Mustafina