Малайзия елі Қытай Жаңа жылын қалай қарсы алады?

Малайзия елі Қытай Жаңа жылын қалай қарсы алады?

Малайзия елі ай күнтізбесі бойынша Қытай Жаңа жылын қарсы алады. Жыл сайын атап өтілетін бұл мереке жергілікті халық үшін өте маңызды. Себебі, тұрғындардың төрттен бір бөлігінің арғы тегі қытайдан шыққан. Көне Қытай мерекесінің тарихы салт-дәстүр мен ырым-нанымдармен байланысты.

Мереке қарсаңында қала көшелері мен алаңдарға әр түрлі көлемдегі қызыл түсті шамдар ілінеді. Шамдар пластик, қағаз және жібек матадан жасалады. Дүкен сөрелері сый-кәделерге толы болады.


Қытай Жаңа жылының қарсаңында малайзиялықтар асүйлерінде қызыл түсті қағаздан арнайы конвертке иероглифтер жазып, үстіне ас қойып, жанына шамшырақтар жағады. Мұның барлығы асүй құдайы Цао Чун құрметіне жасалады. Цао Чун қытай жанұяларында үлкен құрмет пен қошеметке ие. Цао Чун жыл бойы олардың жасаған оң және теріс қылықтарын есептеп, басты тәңір Ю Хуанға айтады. Өз кезегінде ол келер жылы кімді марапаттап, ал кімді жазалау керек екендігін шешеді.

Жаңа жыл түні малайзиялықтар аспанға қызыл түсті отшашуларды атады. Наным бойынша, олар жын-перілерді қашырады.

Мереке күндері Малайзия елінің түкпір-түкпірінде, әсіресе Пинанг аралында «чингей» байқауы өткізіледі. Малай тілінен аударғанда «чингей» сөзі «нағыз өнер» деген мағына береді. Пинанг көшелерінде әсерлі шерулер өтеді.
Дәстүр бойынша Қытай Жаңа жылында отбасы мүшелері мерекелік дастархан басына жиналады. Еңбекқор қытай халқы бұл күндері жұмысты ұмытып, ата-аналарының үйіне қонаққа барады. Ал тұрмысқа шыққан келіншектер жолдасының үйіне барып, Жаңа жылды қайын жұртымен бірге қарсы алады.

Келесі күні, яғни таңертең малайзиялықтар бір-бірінің үйіне қонаққа барады. Мерекенің үшінші күні шикі балық пен көкөністер араласқан «есан» ұлттық тағамын дайындайды. «Есан» тағамын әзірлеп жатқан үй шаруасындағы әйелге көмек жасаған жан жыл бойы бақытқа кенеледі деген наным бар.

Қытай Жаңа жылын қарсы алған соң, екі аптадан кейін қытай халқы Чеп Го Мей мерекесін атап өтеді. Бұл мерекеде тұрмысқа сәтті шыққысы келетін жас қыздар су қоймаларына апельсин лақтырады.

Суреттер ғаламтор беттерінен алынған

Ғ. Ұзақ