Зульфия Чиншанло – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері!

Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір медальмен толықты. Ауыр атлет Зульфия Чиншанло Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. 

Қазақстандық зілтемірші 55 килоға дейінгі салмақта сынға түсті. Бұл – Олимпиада ойындарындағы әйелдердің жаңа салмақ дәрежесі. 

Зульфия жұлқа көтеру жарысын 90 килодан бастады. Одан кейін 93 килоны екі рет көтерсе де, төрешілер есепке алмады. Нәтижесінде бірінші жаттығудан кейін 7-орыннан көрінді.

Серпе көтеруді отандасымыз 123 килодан бастады. Бірінші мүмкіндігінде көтергенмен, төрешілер есепке алмады. Екінші мүмкіндігінде бұл салмақты еңсере білді. Нәтижесінде Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. 

55 килоға дейінгі салмақта филиппиндік Хидилин Диас Олимпиада чемпионы атанды. Қос жаттығу бойынша 224 килоны (97+127) еңсеріп, Олимпиада рекордын жаңартты. Күміс медальды қытайлық ауыр атлет  Ляо Кин еншіледі. Ол қоссайыста 223 кило (97+126) көтерді.