Қазақстандық боксшы Зәкір Сафиуллин ширек финалда австралиялық боксшы Гарри Гарсайдпен кездесті. 63 келіде шаршы алаңға шыққан отандасымыз қарсыласынан айласын асыра алмады.
Алғашқы раунд қос боксшының аңдысуымен өтті. Төрешілер бұл раунды 3:2 есебіне қазақстандыққа берді.
Екінші раундты Сафиуллин ширақ бастады. Қарымта соққылар дарыта білді. Бірақ бұл раундты төрешілер австралиялыққа беріп, есепті теңестірді.
Үшінші раунд – шешуші кезең. Екі боксшы да аянып қалмады. Бұл есепті төрешілер құрлық елінің спортшысына берді.
Айта кетейік, 52 келіде Сәкен Бибосынов пен 91 келіден жоғары салмақта Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалға өтті.