- Негізгі бет
- Tokyo 2020
- Токио Олимпиадасында киетін...
Токио Олимпиадасында киетін Қазақстан құрамасының спорттық киім үлгісі
Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитеті Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан олимпиадалық құрамасының формасын таныстырды. Отандық олимпиадашылар Олимпиада ойындарына қазақстандық және шетелдік мамандар арнайы дайындаған киіммен аттанады. "Salta" брендімен танымал Салтанат Баймұхамедова олимпиадалық киімнің дизайнері болды. Қазақстандық спортшыларға арналған спорттық форманы испандық Joma компаниясы жасады.
Токиоға арналған жиынтықты дайындауда спортшыларға дизайн, маталар мен тігін бұйымдары бойынша шешуші таңдау берілді. Осы жылдың қаңтар айынан бастап еліміздің жетекші спортшылары олимпиадалық киімді таңдауға арналған сауалнамалар, презентациялар мен кездесулерге қатысты.
"Әрбір спортшы үшін Олимпиада ойындары - бұл спорт мансабындағы ең маңызды оқиға, арманға бастаған, ұзақ жылға созылған қажырлы жаттығудың нәтижесі.
Олимпиаданы кейінге қалдыру, бәсекелестік тәжірибенің болмауы, іріктеу турнирлерін кейінге қалдыру немесе оларды күнтізбеден алынып тасталуы сынды оқиғалар былтырдан бері Токио Олимпиадасы шеңберінде белгізіздік болды. Бүгінде біздің міндетіміз - оларға барлық жағынан, соның ішінде олимпиадалық киім сияқты мәселелерде барынша қолайлы жағдай жасау. Сондықтан, 35 спортшыдан тұратын комиссия форманы таңдау құқығын алды және олар өздері Токиода оларға киюге не ыңғайлы болатынын анықтады" - деп пікір білдірді Ұлттық Олимпиадалық комитет.
"Олимпиадалық форма қандай болатынын таңдамас бұрын, спортшылардың өздерінен пікір сұрады. Біз маталарды таңдауға қатысып, эскиздерді талқыладық, ұсыныстар жасадық. Олимпиада ойындарында сыртқы келбет қана емес, сонымен қатар форманың да маңызы да зор", - дейді Елдос Сметов.
"Спортшылар үшін ең алдымен сапа мен жайлылық маңызды, өйткені бұл біздің келесі дайындық және жұмыс апталарына арналған киімдеріміз. Біз үшін маңызды факторлар өте көп. Бәрінен бұрын оның нақтылығы, дәлділігі, жинақтылығы маңызды. Спортшылардың киімдерін арнайы күтініп қарауына уақыттары болмайды. Көп уақыт жолда өткізетін болғандықтан оңай кірленбейтін, мыжылмайтын киім үлгісінің болғаны жақсы. Себебі сапалы матадан тігілген киімдер киюге және еркін қозғалуға ыңғайлы. Біз өткен олимпиадаларға қатысу тәжірибемізді ескере отырып, өз ұсыныстарымызды жібердік. Біз барлық тілектеріміздің орындалғанына өте қуаныштымыз", - дейді Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин.
Олимпиадалық киім формасы кэжуал форматында таңдалынған. Дизайнер коллекцияның ыңғайлылығына, беріктігіне, шыдамдылығына кепілдік береді, сонымен қатар бұл киімдерге күтім жасау оңай және мыжылмайды деп атап өтті Олимпиада формасының дизайнері Салтанат Баймұхамедова.
"Қазіргі заманғы маталарды жасау технологиясы дамыды, олардан жасалған заттар теріге бейім, гипоаллергенді және жақсы көрінеді.
Спортшылар дәл мен ұсынған киім формасын таңдағанына қуаныштымын. Олимпиадашылардың таңдауы мені шабыттандырады.
Олар Олимпиада аяқталғаннан кейін де бұл форманы кигілері келетінін айтты. Мен біздің спортшылардың Токиода прогрессивті және заманауи болып көрінгенін қаладым. Әлемдік трендтер мен спортшының қалауын бірге ұштастырып, форманы "спорт-шик" форматын ұсынғым келді".
Парадтық форманы спортшылар Олимпиада ойындарының ашылу парады және басқа да салтанатты шаралар кезінде киеді. Киім формасының тұжырымдамасы біздің қазіргі заманғы мәдени үйлесімді көрсетеді. Қазақстан бүгінде - бұл біздің елдің көрнекті өкілдері жүзеге асыратын дәстүрлі және ультра модернизмнің, инновацияның, қарқынды дамудың, мәдени және спорттық экспансияның бірегей стилі.
Спорттық киімнің өндірушісі, испандық Joma бренді спорттық жабдықтарды жеткізушілер арасында кең танымал. Компания нарықта 55 жылдық тарихы бар және 120 елге өнім жеткізеді. 2016 жылғы Рио Олимпиадасында Joma Олимпиадаға қатысушылардың 10% киіндірген және компанияның пікірінше Токиода олардың саны 15% дейін өседі. Пандемия мен өндірістік байланыстардың бұзылуы жағдайында Joma Қазақстанмен арнайы жеңілдік шарттарымен ынтымақтастықта болып, клиенттердің барлық талаптарын уақытында орындай алуы маңызды. Олимпиадалық киімнің толық жиынтығында бірнеше ондаған заттар бар, салтанатты костюмдерден бастап сөмкелер мен рюкзактарға дейін бәрі қамтылған.
Маталарды таңдағанда жылдың осы уақытындағы Жапонияның климаттық ерекшеліктері де ескерілген. Олимпиаданың киімдері ауа өткізгіш, ылғалды сіңіреді, тез кебеді және аллергия тудырмайды. Жинақ қазақстандық олимпиадалық спорт түрлерінің бүкіл әлемге жолдауы ретінде жасалған. Көйлек формасының негізгі түстері көк, көгілдір және ақ түсті. Бұл палитра киім және аксессуарлар өндірушілерінің сән үрдістерін зерттейтін Next Look халықаралық зерттеу компаниясының ұсынысы бойынша таңдалған.
Спортшылар Токиоға 16 шілдеде ұшады. Олимпиада алдында ұлттық құрама Олимпиада базаларында екі апталық карантинде болады.
Н. Үсенова