Токио Олимпиадасы жүлдегері Елдос Сметовке су жаңа көлік сыйға тартылды

Токио Олимпиадасында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлдені салған дзюдошы Елдос Сметовті қазақстандықтар зор қошеметпен қарсы алды. Әуежайда Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегеріне автокөлік сыйға тартылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Жетінші арнадағы "Оян, Qazaqstan!" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Қазақстандықтар Елдос Сметовті әуежайдан шашу шашып күтіп алды. Күтіп алушылар арасында спортшының алғашқы бапкері де бар. 

@massaget.kz

Елдосқа су жаңа көлік сыйға тартты! Қазақстандықтар отандасымызды зор қошеметпен қарсы алды. Жарайсың, Елдос! ##tokyo2020 ##eldossmetov ##olympicgames

♬ оригинальный звук - Massaget.kz

"Міне, нағыз чемпион. Менің алғашқы жаттықтырушым. Кішкентайымнан өз баласындай көріп, алақанына салып өсірген менің бапкерім", - деді дзюдошы.

Сонымен қатар, әуежайда Елдос Сметовке қолдаушы аға-бауырлары жаңа автокөліктің кілті табыстады. 

"Алтын" армандап барсам да, бұйырғаны "қола" болды. Оған да қатты қуандым. Өйткені күллі қазақ мен үшінші орын алғанда "Елдостың қоласы бізге алтыннан артық" деп жар салды. Енді міне құшақтарын ашып күтіп алып жатыр. Бұдан артық бақыт бар ма?" - деді Елдос Сметов. 

Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында Елдос Сметов 2024 жылы өтетін Париж Олимпиадасына қатысу туралы ойын айтты. 

"Шынымды айтсам, мен үшін төртжылдықтың жарысы енді аяқталды. Сондықтан әлі өз-өзіме келіп үлгермедім. Қазір демалыс алып, денсаулығымды түзеймін. Осыған дейін жиналып қалған жарақаттарымды емдеймін. Егер бәрі жақсы болып, күресуге мүмкіндік болып жатса неге ел үшін, жер үшін күреспеске? Спорттық карьерамдағы басты арманым - Олимпиаданың алтынын алу", - деді ол.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден оқи аласыздар.

Еске салайық, Елдос Сметов Токиодағы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына алғашқы медальді салған болатын.