Бүгін, 3 тамыз күні, Токио Олимпиадасының шаршы алаңыда қос боксшымыз бақ сынамақ. 52 килодағы Сәкен Бибосынов пен 63 килодағы Зәкір Сафиуллин.
Сәкен Бибосыновтың қарсыласы – испан боксшысы Габриэль Эскобар. Кездесу астана уақытымен 14:48-де өтпек.
Бұрын Мэнни Пакьяоны нокаутқа жіберген, қазіргі төреші, экс боксшы Серікжан Ешмағамбетовтің айтуынша, испандық боксшы өте мықты.
"Оппозиция өте қуатты. Бәсте қола медаль тұрғандықтан қарсылас барын салып, аянбайтыны хақ. Бірінші раундтан-ақ алға ұмтылады. Сондықтан уақыт жоқ. Сәкен Бибосынов та рингке шыға салысымен барын салуы тиіс", - дейді төреші.
Ал Зәкір Сафиуллин жекпе-жексіз ширек финалға өтті. Моральды-психологиялық ауыртпалық түспеді. Яғни, отандасымыз артық соққы, жарақат алған жоқ. Сондықтан шаршы алаңға сергек шықпақ.
Отандасымыздың ширек финалдағы қарсыласы – австралиялық Гарри Гарсайд. Кездесу астана уақытымен 15:35-те.
"Австралияда жақсы боксшылар бар. Кейбірі жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Сондықтан боксшы ел ме әлде жоқ па – босаңсуға болмайды. Жеңу үшін бәріне бару керек", - дейді Серікжан Ешмағамбетов.
Төрешінің айтуынша, Олимпиададан бәрін күтуге болады. Жүлде алады деп үміттенген боксшылар шетінен жеңіліп қалды. Ал Бибосынов пен Сафиуллинді ширек финалға жетеді деп ешкім ойламаған.
Қос боксшымыздың жекпе-жегін Qazaqstan арнасының тікелей эфирінен тамашалаңыз.