- Негізгі бет
- Tokyo 2020
- Олимпиадада бақ сынайтын...
Олимпиадада бақ сынайтын ең табысты спортшылар
Төрт күннен кейін төрткүл дүние асыға күткен Токио Олимпиадасы басталады. Кіл мықтыда кім мықтыны анықтайтын басты бәсекеде әр елдің ең үздік сайыпқырандары бақ сынайды. Арасында атағынан ат үркетін, жылдық табысы жиырма атанға жүк болатын спортшылар да бар.
Forbes басылымы Олимпиада ойындарында бақ сынайтын ең табысты спортшылардың рейтингін жариялады. Көш басында – баскетболшы Кевин Дюрант. Оның табысы 75 миллион долларға бағаланған.
Тізімде екінші орынға жапондық теннисші қыз Наоми Осака орналасқан. Ол да аз таппайды. Жылдық табысы 60 миллион долларды құрайды. Үшінші орында тағы бір америкалық баскетболшы – Дамиан Лиллард. Табысы 40,5 миллион доллар деп көрсетілген.
Токиода алтын медаль үшін таласатын ең табысты спортшылардың ондығына Новак Джокович (34,5 миллион доллар), британдық гольф шебері Рори Макилрой (32 миллион), америкалық баскетболшы Девин Букер, жапон теннисшісі Кэй Нисикори (30,5 миллион доллардан) және тағы екі америкалық баскетболшы Крис Миддлтон (27 миллион) мен Джру Холидей (23 миллион) енген.
Айта кетейік, Токио Олимпиадасы коронавирус пандемиясына байланысты 1 жыл кешігіп ұйымдастырылуда. Жарыс 23 шілде күні басталады.
Н. Үсенова