- Негізгі бет
- Tokyo 2020
- "Медаль гаджеттен жасалған"....
"Медаль гаджеттен жасалған". Жапония тарихтағы ең экологиялық таза Олимпиаданы өткізеді
Олимпиада мен Паралимпиада ойындары Токиода шілде мен тамыз айларында өтеді. Жапония байрақты бәсекеге тыңғылықты дайындалып, тарихтағы ең экологиялық таза Олимпиада өткізбекші. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері қайта өңделген құрылғылардан жасалған медаль алады.
Жапония Токио Олимпиадасында Біріккен ұлттар ұйымы ұсынған тұрақты даму тұжырымдамасын негізге алып, "Адамдар мен ғаламшар үшін жақсы жаққа өзгер" деген ұран арқылы әлемдегі ең ірі шараға жиналғандарды жаһандық экология мәселесін шешуге шақырды.
Ұйымдастырушылар 1964 жылы Токиода өткен олимпиада ойындары Жапонияны түбегейлі өзгерткенін алға тартып, нәтижесінде жапон халқы сыртқы әлемді жақынырақ танып, ел экономикасы қарқынды өсу жолына түскенін айтады. Биылғы олимпиада ойындары арқылы қазір қуатты экономикасы бар Жапония бүкіл әлемде жақсы өзгерістер басталып, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық мұра қалдыруға күш салады деп үміт білдірді.
Токионың Олимпиаданы ұйымдастырушы комитеті Tokyo 2020 Medal Project жобасы аясында тұрғындардан қажет емес техникалар мен құрылғыларды жинады.
2017 жылдан бастап Жапонияның түкпір-түкпірінде гаджеттерді тастауға арналған сары қоқыс салғыш тұр. Екі жылдың ішінде ұйымдастырушылар 79 тонн қалдықты жинаған. Одан 32 келі алтын, 3 500 келі күміс және 2200 келі қола алған. Бұл 5 мыңға жуық медальді жасауға жетті.
Медальдің сыртқы пішінін жапон дизайнері Юничи Каваниси жасап шыққан. Оның жұмысы конкурсқа қатысқан өзге 400 дизайнердің ішінен сұрыпталып алынды.
Медаль сырты өңделген тасқа ұқсайды. Ұйымдастырушылар жүлдеге арнайы концепция жасаған. Ол: "Спортшылар атақ-даңққа жету үшін күнде жеңіске жетуге ұмтылу қажет" деген мағынаны береді. Медальдің бір жақ бетінде жеңіс құдайы Ника суреттелсе, қарсы бетінде "Токио 2020" таңбасы мен Олимпиаданың символы бейнеленген. Оның үстіңгі жағында жапон халқының ұлттық нақышы тұр.
Әр алтын медаль күмістен құйылған, тек сырты 6 грамм алтынмен жалатылған. Ал қола медальді қызыл жезден жасаған. Әр медальдің салмағы 450-556 грамм арасында. Лентада жапон халқының ежелден келе жатқан қолөнер дәстүрі мен Олимпиада құндылықтарына баса назар берген. Медальдің қорабы жапонның шаған ағашынан жасалып, Олимпиада эмблемасының түсіне боялған.
Жапондар медальді қайта өңделген шикізаттан жасауда алғашқы емес. Бұған дейін Ванкуверде өткен қысқы Олимпиадада микросхема мен электр платасынан алынған темірден медальді жасаған еді. Өткен Рио Олимпиадасында күміс және қола жүлделері 30% қайта өңделген электр құрылғыларынан жасалған.
Жапонияның P&G компаниясы мен ұйымдастыру комитет бірігіп, жеңімпаздар тұғырын мұхиттан жиналған және халық өткізген пластиктерден дайындаған. Coca Cola компаниясы да Олимпиада алауын алып жүретін адамдардың формасын пластик бөтелкелерден өңделген материалдан тігу бастамасына серіктес болды.
Жапондар, тіпті, Олимпиада қызметкерлері мен еріктілердің формасын тігуде экологиялық таза өнімдер, өңделген полиэстер мен өсімдік талшықтары пайдаланған. Ал Олимпиада алауының тұғырын жасауға 2011 жылы болған ірі жер сілкінісі кезінде халық қоныстанған уақытша үйлерден қалған алюминийді қолданған.
Айта кетсек, Олимпиадалық ойындар 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығында өтеді, ал Паралимпиадалық ойындар 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында болады.
Токиодан – Айбар Рысдаулет
Н. Үсенова